Түркістанда таеквондодан Қазақстан кубогы басталды

0
1 009

10 салмақ дәрежесінде мықтылар анықталады.


Түркістанда таеквондодан Қазақстан кубогы басталды

Түркістанда таеквондодан ересектер арасында Қазақстан кубогы додасы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістандағы «Olympic center» спорт кешенінде таеквондодан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогы басталды. Еліміз бойынша ең таңдаулы деген спортшылар қатысқан додада өте тартысты өтуде. Сайыстың ашылу салтанатында облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, жарысқа қатысушы спортшыларды құттықтады.


«Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында облыс көлемінде 46 спорт нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Оның ішінде, Түркістан қаласында заман талабына сай бой көтерген «Түркістан-Арена» стадионы, Теннис орталығы, осы жарыс өтіп жатқан «Olympic center» спорт кешенін айтуға болады. «Мұз сарайы» кешенінің құрылысы аяқталды, жақын уақытта ашылуы жоспарлануда. Бұл спорт нысандары салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді деген сеніміміз бар. Бүгінгі таеквондодан Қазақстан кубогын сарапқа салып жатқан спорттық іс-шараның маңыздылығы өте жоғары. Мықтылар жеңіске жете берсін. Жарыс нәтижесінде күз айында Қытай елінде өтетін кезекті Азия ойындарында ел намысын қорғайтын құрама команда жасақталады», – деді Еркеғали Амантайұлы.


Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Арман Шылманов, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Әлішер Аймұхамбетов қазір жастар бұл спортқа көптеп ден қойып жатқанын айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.


Татами шеберлерінің бәсекесіне еліміздің 20 өңірінен 210 спортшы қатысуда. Ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесінде мықтылар анықталады.