Биыл туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд.теңгені құрады.
Түркістанда өткен халықаралық форумда туристік кластерді жаһандық деңгейге шығару жолдары пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Мультитуризм – өңірдің тұрақты өсуінің драйвері» тақырыбында панельдік отырыс өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып, облыстың туризм саласын әртараптандыру бағытында пікір алмасты.
– Сіздермен киелі Түркістан төрінде кездескеніме қуаныштымын! Жалпы Түркістан облысы туристік әлеуеті жақсы дамыған аймақтардың бірегейі. Өңір құрылғаннан бастап, Түркістан қаласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар бұл — Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі халық ең көп шоғырланған өңір. Бүгінде мұндағы тұрғын саны – 2,1 млн адамнан асқан. Яғни 2018 жылдан бері Түркістан халқы 1,5 есеге өсті. Облыс әкімдігі туризм саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде облыс аумағында туристерге арналған 251 орналастыру орны жұмыс істейді. Облыста тарихи-танымдық туризм, экологиялық туризм, сауықтыру туризмі сәтті дамыған. Өңір туризмін дамыту жолында бірқатар инвестициялық жобалар қабылданып, іске асыру жұмыстары қарқын алған. Туризм саласын жан-жақты дамыту бағытында инвесторларды қолдауға ашықпыз. Аймақтың экономикалық жағдайын әртараптандыру жолында инвесторлармен тығыз ынтымақтастық орнатып, нәтижелі жұмыс көрсетеміз деп сенемін, — деді Зұлпыхар Жолдасов.
Форумның пленарлық сессиясында өңірдің экологиялық, этнографиялық, MICE және спорттық-мәдени бағыттарға негізделген бірегей туристік брендін қалыптастыру мен нығайту, инфрақұрылым мен адами капиталды кешенді дамыту, халықаралық инвестицияларды тарту және туристік кластерлерді жаһандық деңгейде ілгерілету мәселелері сөз болды.
Сессияда «SkyWay LTD» ЖШС директоры – Әсем Қозбағарова, «All Seasons Travel» компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры – Жанар Раздан, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері – Ақәділ Тұрсынов, «Fly Arystan» компаниясының сату жөніндегі маманы – Мағжан Мұратбеков, «SCAT Airlines» әуекомпаниясының маршруттық басқару бөлімінің басшысы – Андрей Бибер, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жүргізушісі, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің магистранты – Ахатбек Баубеков баяндама жасап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайтумен халықаралық көлік логистикасын дамыту бағытында пікір алмасып, іске асыру жолдарын қарастырды.
Биыл туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд.теңгені құрады. Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында 47 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл Түркістан облысындағы тарихи орындарға 911,2 мың адам саяхаттап келген. Ал арнайы орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп отыр. Облыста 251 орналастыру орындары мен 117 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді. Аймақта халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар ұйымдастырып, туристерді тарту мақсатында заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Соның бірі 500 спортшыға арналған Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» каналы ашылды.
Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан өңір туризмін дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында түрлі қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Одан бөлек өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Түркістанда әлемдік стандарттарға сай халықаралық әуежай халыққа қызмет көрсетуде. Одан бөлек облыс аумағында ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіміне кіретін 4 ерекше қорғалатын табиғи парктер орналасқан. Олардың қатарында «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар.


