Түркістанда «Тurkestan hub IT» орталығы ашылды

0
1 166

Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында орналасқан алаңға елімізге танымал ІТ саласының өкілдері жоғары баға беріп отыр.


Түркістанда «Тurkestan hub IT» орталығы ашылды

ERNUR.KZ. Бүгін Түркістан қаласында «Тurkestan hub IT» орталығы ашылды. Жаңа орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова қатысып, жастарға сәттілік тіледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Ашық алаңда IT саласындағы кәсіпкерлердің, жас мамандардың, инвесторлардың ынтымақтастығы үшін жағдай жасалған. Мұнда қатысушылар тәжірибе алмасып, идеяларды іске асыра алады. «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында орналасқан алаңға елімізге танымал ІТ саласының өкілдері жоғары баға беріп отыр.

Орталықта сондай-ақ, «ІТ park» жас бағдарламашылар мектебі ашылды. Онда түркістандық жастарды осы салаға бейімдеп, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру көзделген. Мамандар даярлай отырып, отандық ІТ өнімдері мен жаңа компаниялар ашу қарастырылып отыр. Әрі кез келген жас осында келіп, ІТ саласы бойынша білім алуына жағдай жасалған. Олар білімдерін жетілдіріп, жаңа стартап жобалары мен тың идеяларын ұсына алады. ІТ park мектебінің шәкірті атануға 14 пен 29 жас аралығындағы облыс жастарының мүмкіндігі бар.

Сонымен бірге мұнда жастарға модельдеу, бағдарламалау, смартфондарға арналған мобильдік қосымшаларды іске қосу мен сайт ашу және тағы басқа жұмыстар бойынша тәжірибелік сабақтар ұсынылады. Тек оқытып қана қоймай, жобалар әзірленіп, коммерцияландыру жасалынады. Жастардың жобаларына инвесторлар тарту арқылы өз кәсібін ашуға мүмкіндік берілмек. Түркістан базасында хаб прототиптеу зертханалары мен отандық IT-компанияларды зерттеуге арналған орталықтарды орналастыру көзделіп отыр. Бұл қатысушыларға прототиптерді әзірлеуге және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға жол ашады.

Алдағы уақытта бұл орталық елге пайдалы жобалардың ұстаханасына айналады деген сенім бар.