Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидалары, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі, азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды.
ERNUR.KZ. Түркістан қаласында жаңа Конституция мен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық Заңының талаптарын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті.
«Достық үйінде» өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, жастар ұйымдарының, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жаңа Конституцияның елдің құқықтық және қоғамдық дамуының берік негізі екенін атап өтіп, Қазақстан Халық Кеңесінің қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалогты дамытудағы рөліне ерекше назар аударды. Сондай-ақ «Қоғамды келісім» мекемесі этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың жұмысын үйлестіруде және қалыпты өз жұмысын белсенді атқара беретіндігін жеткізді.
Сондай-ақ облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Данияр Аюпов этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді сақтаудағы үлесін сөз етсе, облыстық Ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Ғани Исаев жаңа заңның мазмұны мен конституциялық реформалардың маңызын түсіндірді.
Кентау қалалық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова мен Сарыағаш аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Алипаша Хинизов этносаралық татулық пен өзара сенімді нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ал «Ел жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Надиржан Хасантаев жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі жауапкершілігін атап өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидалары, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі, азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды.
Жиын қорытындысында қоғамдық келісімді нығайту, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, азаматтармен тұрақты кері байланысты дамыту және қоғамдық құрылымдардың өзара ықпалдастығын арттыру бағытындағы ұсыныстар жинақталып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатыны айтылды.


