2464 бала 1 ауысымға қабылданып, сауықтырылуда.
Түркістанда жазғы сауықтыру лагерлерінің кезекті маусымы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысындағы жазғы сауықтыру лагерлері бірінші ауысымға оқушылар қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте жоғарыда аталған лагерлерде 2464 бала 1 ауысымға қабылданып, сауықтырылуда. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі лагерлерде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын оқушылар Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылады. Жаз айларында 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.
Бірінші ауысым 1-10 маусым аралығында, ал екіншісі 12-21 маусым аралығында, сонымен қатар үшінші ауысым 23 маусым мен 2 шілде аралығында жұмыс істейді. Осылайша, биылғы жаз айының алғашқы айында 7 мыңнан астам бала демалады деп күтілуде. Жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Балалар әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, қалған оқушылар ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 22-сі –жекеменшік. 1-3 маусым аралығында 10 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алып, жұмыстарын бастады. Олардың қатарында Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан», «Көктөбе-1», «Көктөбе-2», «Қуаныш», «DELVE CAMP», Төлеби ауданындағы «Көктөбе», «Қуаныш», Сайрам ауданындағы «Болашақ», Мақтаарал ауданындағы «Толағай», Шымкент қаласындағы «Гавая» лагерлері бар.