Түркістандағы бірнеше мектеп реновациядан өткізіліп жатыр

0
93

Мектептердің құрылысы қадағаланды


Түркістандағы бірнеше мектеп реновациядан өткізіліп жатыр

Түркістандағы реновациядан өтіп жатқан мектептердің құрылысы қадағаланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығында реновациядан өтіп жатқан мектептерді аралады. Өңір көлемінде 2025-2027 жылдары аралығында 115 білім беру ұясы жаңғырту тізіміне енгізілген. Соның ішінде Түркістан қаласында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген 11 мектеп таңдап алынды. Қазіргі таңда 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр.


Әуелі Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясындағы құрылыс барысымен танысты. Мұнда 1800-ден астам оқушы оқиды. Ғимарат 1989 жылы ашылған. Ал 1966 жылы теміржолшыларға арнап бой көтерген №31 Абай атындағы мектеп жөндеуден өтуде. Игілікті іс Абайдың 180 жылдығымен тұспа-тұс тура келіп, мектеп ұжымы мен 1 мыңнан аса оқушы жаңарған білім ұясына қадам баспақ. 530 орындық №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен 1050 орындық №9 Н.Некрасов мектеп-гимназиясында да жөндеу қарқын алды. Мектептер жаңғырту барысында жөндеуден бөлек, материалдық-техникалық базамен қамтылады. Қажет қаражат қарастырылған. Қалада 55 мыңнан астам оқушы болса, төрт мектептегі бала саны – 7 мыңдай.


Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғалармен кездесіп, тапсырмалар мен ескертулер берді. Мердігерлерге құрылысты сапалы, уақтылы әрі жанашырлықпен атқаруды тапсырды. Құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталып, балалар жаңартылған ғимаратта білім алуы керек.

Бөлісу