Әлихан Бөкейхан университетінде «Өлең сөздің патшасы» халықаралық ақындар мүшәйрасы өтті.
Түркістандық ақын халықаралық мүшәйрада жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған кең ауқымды мәдени іс-шаралар жалғасуда. Бүгін Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде «Өлең сөздің патшасы» халықаралық ақындар мүшәйрасы өтті.
Шығармашылық бәйгеге Түркістанның атынан қатысқан Дәурен Тілеухан жүлделі үшінші орынға ие болды. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 80-нен астам ақын өтінім жіберген. Қорытынды кезеңге 8 ақын ғана шақырылып, өлең оқыды. Олар өз шығармалары арқылы Абай әлеміне терең бойлап, қазақ поэзиясының биік мұраттарын жаңаша жеткізуге талпынған.
Байқаудың мақсаты – Абай мұрасына деген құрметті арттыру, қазіргі қазақ поэзиясының дамуына серпін беру, жас таланттарға шабыт сыйлау және халықаралық шығармашылық байланысты нығайту. «Өлең – сөздің патшасы» атты мүшәйра – ұлы Абайдың рухани әлемін заманауи поэзия тілімен өрнектеу, жастарға үлгі-өнеге беру және ұлттық әдебиетіміздің дамуына жаңа серпін беретін тағылымды шара болып отыр» дейді ұйымдастырушылар.
Дәурен – «Түркістан» қалалық газетінің тілшісі. «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының, республикалық бірнеше мүшәйраның жеңімпазы.