Түркістандық азамат алыптар сайысында топ жарды

0
421

Білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 15 спортшы бақ сынады.


Түркістандық азамат алыптар сайысында топ жарды

Түркістан облысының батыр жігіті «Толағай» алыптар сайысында топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Астана төрінде 6 шілдеде алғаш рет елорданың 25 жылдығына арналған «Толағай» алыптар сайысы өткен болатын. Бес сайыстың қорытындысы бойынша барлық қарсыласынан мықты болған білекті батыр, Арыстың мақтанышы Азамат Мақұлбеков жеңімпаз атанды.


Ұлы Даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирге еліміздің әр өңірінен білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 15 спортшы бақ сынады.


Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша сынға түсті. Олар: 1,5 темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 140 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сайысты.


Осы алпауыттардың алапат сайыстарында ең жоғары ұпай жинаған Түркістан облысы, Арыс қаласының алып батыры Азамат Мақұлбек жеңімпаз атанып, бірінші орынды жеңіп алды. Оған «Алтын белбеу» мен алтын медаль және 1 миллион теңге тапсырылды. Айта кетейік, Азамат – Түркістан облысында өткен сайыста 3555 рет қошқар көтеріп, әлемдік рекорд жасаған балуан.


Арыс елі батырын қалаға кіреберіс дендросаябақ алдында сый-құрмет көрсетіп күтіп алды. Алыптар сайысында жасындай жарқылдаған спортшының жеңісіне ортақтасқан дүйім жұртшылық оған ізгі тілектерін жолдады.


Қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қалалық мәслихат депутаты Алмаз Шүкірбеков, батырдың ата-анасы мен жақындары және қала тұрғындары балуанның жетістігімен мақтанатындарын айтты.


Бұдан соң спортқа жанашыр бір топ кәсіпкер жеңімпазға ат мінгізіп, құрмет көрсетті.