Түркістандық балуан “Азия балалары” ойындарында жеңіске жетті

0
564

Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзербайжан елдерінің балуандарын жеңді.


Түркістандық балуан “Азия балалары” ойындарында жеңіске жетті

Түркістан VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері Құдірет Ерімбетовті отбасы мүшелері мен туған-туыстары құрмет-қошеметпен күтіп алды. Түркістан теміржол вокзалындағы күтіп алу іс-шарасының бел ортасынан табылған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов спортшыны жеңісімен құттықтады.


Ресей Федерациясының Якутск қаласында өткен дүбірлі жарыста түркістандық балуан 38 келі салмақта бақ сынап, күміс медальды қанағат тұтты. Чемпиондар мектебінің спортшысы Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзербайжан елдерінің балуандарын жеңіп, финалдық белдесуде ғана қарсыласына есе жіберді.


Жеке бапкері – Асхат Орынбасаров. Балуан бұған дейін облыстың жеңімпазы, ҚР-ның 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген. Күміс медаль тағынған спортшыға туған-туыстары қаржылай сый-сияпат ұсынып, ақжарма тілегін жеткізді.


Түркістанның мақтанышы Құдірет Ерімбетов 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысады. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ сайыпқыраны облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында 9-сыныпта білім алады.