Түркістандық балуандар "Ақ бидай" ойындарында жеңімпаз атанды

0
636

Еліміз бойынша ең мықты деген 125 балуан қатысты.


Түркістандық балуандар

Түркістан облысының балуандары "Ақ бидай" ойындарында чемпион атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ақтау қаласында ұйымдастырылған "Ақ бидай" ауыл спорты ойындарында қазақ күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Дүбірлі сында Түркістан облысының балуандары қазақ күресінен бас командалық есепте бас жүлдені иеленді.


Аса тартысты өткен балуандар белдесуінде еліміз бойынша ең талантты деген 125 балуан қатысып, күш сынасты. 14 облыс бойынша 14 команда қатысқан республикалық сайыста түркістандық апайтөс балуандар көш бастады. 100 келі салмақ дәрежесінде облыс намысын қорғаған Қайсар Шамшидин жеңімпаз атанды. Боз кілемде топ жарғандар қатарында 90 келідегі Тоқтарбек Айдарбек пен 74 келідегі Мұса Мекенбай алтынды қанжығаларына байлады. Сонымен қатар 66 келіде түркістандық Болат Білəл да топ жарды.


Ал "түйе балуандар" сайысында Түркістан өңірінің балуаны Еркінбек Бөлен күміс жүлдеге ие болды. Сонымен бірге Орынбасар Абдрахман мен Ердəулет Əбенов те күміс жүлдеге иелік етті.


Жарыс қорытындысында Түркістан облысының балуандары бас жүлдеге ие болса, Солтүстік Қазақстан облысының саңлақтары күміс жүлдегер атанды. Ал Қызылорда облысынан келген спортшылар қола алқаны иеленді.