Жалпы, бүгінгі күнге дейін мәслихат мүшелерінен құралған тұрақты комиссиялар түрлі саладағы проблемаларды шешуге атсалысып келе жатыр.
Биыл Қазақстандағы мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осынау уақыт аралығында халық қалаулыларынан құралатын мәслихаттардың ықпалымен көптеген жұмыстар атқарылғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Осы орайда Түркістан облысы мәслихатының ішіндегі бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, өңірдің дамуына және көптеген мәселелердің шешілуіне сүбелі үлес қосып жүрген Мағауия Тұрысбеков жайында аз-кем сөз етпекпіз.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін мәслихат мүшелерінен құралған тұрақты комиссиялар түрлі саладағы проблемаларды шешуге атсалысып келе жатыр. Соның ішінде Мағауия Сексенбайұлы төрағалық ететін бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия былтырғы жылы оннан астам кеңес өткізіп, отыздан аса проблеманың түйінін тарқату мақсатында тер төгіпті. Сәйкесінше, комиссияда сараланған ұсыныстар мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жетекшілік еткен сессияларда талқыланып, тиісті шешімдер қабылданған.
Сондай-ақ, соңғы жылдарда халық қолдаған депутаттардың қоғамдық маңызы бар істерге белсене атсалысып, өзгелерге үлгі боларлықтай істерді атқарып жүргендігін жиі байқадық. Сондай жомарт жүректі, қолы ашық азаматтардың арасында біз айтып отырған Мағауия Тұрысбеков те бар. Айталық, 2023 жылы Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тұрғыны, І топтағы мүгедек жандардың бірі Гүлзат Шайхұстановаға халық қалаулысының демеушілігімен салынған жаңа баспананың кілті табысталды. Оған дейін өзінің жеке үйі болмаған тұрғын жолдасымен бірге жалдамалы пәтерді паналап келген екен. Аудан орталығынан берілген жаңа үйге асхана жабдықтары орнатылып, қажетті коммуналдық қызметтер тартылған. Бау-бақша өсіруге арналған жері де бар. Мүгедектік арбамен үйге кіріп-шығуға қолайлы болу үшін пандус қойылып, бар мүмкіндік жасалған екен.
Сонымен қатар Созақ ауданының тумасы болып саналатын депутаттың демеушілігімен өткен жылы Таукент кентіне қарасты Жыныс ата елді мекенінде мешіт құрылысы басталған. Жаз мезгілінің басында іргетасы қаланған нысан әні-міне дегенше ел игілігіне берілгелі тұр. Одан бөлек, ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында Шолаққорған-Түркістан бағытындағы тау аумағынан демалыс орнын салуға да ықпал еткен. Онда келуші қонақтар мен тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалып, қызмет түрлері қолжетімді бағада ұсынылмақ. Жатын орын, бой жазып демалатын сәкі, сақ моншасы мен ашық аспан астындағы бассейн демалуға мүмкіндік бермек. Оған қоса, өз қаржысына «Amanat» партиясының аудандық ғимараты мен аудандық ардагерлер үйін салып, елге тарту еткен екен. Жұрт оның тұрмысы төмен отбасыларға да тұрақты түрде көмек көрсетіп келе жатқанын айтып жүреді. Біршама уақыт бұрын БАҚ өкілдері мәслихат депутатының жедел жәрдем қызметкерлерімен жүздесіп, 5 дана өкпені жасанды желдету аппаратын сыйға тартқанын да жарыса жазған. Америкада өндірілген медициналық құрал бүгінде арнайы жедел жәрдем көліктеріне орнатылыпты.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,