Кез-келген мәселеге үн қатып жүргендіктерін жеткізді.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы депутаттардың қатысуымен есеп беру брифингтерін жалғастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы билік пен қоғам арасындағы алтын көпір болу міндетін атқаруда партия атынан өкілдік ететін депутаттардың қатысуымен есеп беру брифингтерін жалғастыруда. Осы ретте партия филиалының алаңында өткен басқосуда Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Ғалымжан Елшібай, Нұржан Жамалбеков, Ханай Әшірбеков, Сайдирасулхан Ералиев, Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қаблан Елеусізов және Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмуратов журналистер алдында есеп жасап, сауалдарына жауап берді.
Облыстық мәслихатқа Төлеби ауданынан сайланған Ғалымжан Елшібай өңір депутаттарының тек өзі сайланған аумақты ғана емес, бүкіл облысқа қатысты кез-келген мәселеге үн қатып жүргенін жеткізді. Мәселен, жуырда партиялық алаңда өткен фракция жиынында депутаттар тарапынан Жол картасында бекітілген тармақтардағы орындалуы кешіктірілген бірқатар нысандар жайлы өткір мәслелер көтерілген. 2021 жылы пайдалануға берілуі тиіс Сауран ауданындағы сауықтыру орталығының сақалды құрылысы да облыстық мәслихат депутаттарының ықпал етуімен дер кезінде қаржы бөлініп, жуырда ғана пайдалануға берілген.
«Салынғанына бар-жоғы 10 жыл енді болған Төлеби ауданындағы Қостөбе орта мектебі бүгінде құлаудың сәл алдында тұрды. Депутаттар тарапынан мектепті бұзу керек пе, әлде күрделі жөндеген дұрыс па, деген мәселелер көтеріліп, мандат иелері бірнеше мәрте білім ұясында болып, дұрыс шешімнің нәтижесінде қазір күрделі жөндеуден өткен мектеп әдемі ғимаратқа айналды. Сонымен бірге, мандат иелері кабинеттерде емес, тұрғындармен жеке қоғамдық қабылдауды көшпелі ұйымдастыруды қолға алып келеді. Сайлаушылардың алдына өздері барып, туындаған мәселені көзбен көріп, шешімін табуына үлес қосуда»,-деп атап өтті Ғалымжан Қамытбекұлы.
БАҚ өкілдері тарапынан Төлеби ауданында карьерлердің салдарынан бұлақтардың көзі жабылып қалып жатқаны бойынша жолданған сауалға Ханай Әшірбеков мәселеден хабардар екенін, 3 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын жеткізді. Кәсіпкер тарапынан ауданның 5 елді мекен тұрғындары арасында келіссөз жүргізіліп, дүмпулерді болдырмайтындай талапқа сай жұмыс жүргізетіні және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша меморандумға қол қойылғаны туралы айтты.
Нұржан Жамалбеков облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі ретінде жыл басынан бері Сайрам ауданында және облыстық партия филиалында және шалғай елді мекендерде 25 мәрте қоғамдық қабылдау өткізіп, жалпы 500-ге жуық азаматтың талап-тілегін тыңдағанын, өңірдегі өзекті деген әр түрлі мәселе бойынша 12 депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Сайдрасулхан Ералиев тұрғындармен жиі кездесу қортындысымен олардың мәселелері бойынша 13 депутаттық сауал жолдағанын тілге тиек етті. Өзі сайланған аумақ саналатын Қарабұлақ ауылында тұрғын үй салу үшін жер және ауыз су құбырларын жаңарту жайы уақыт күттірмейтін мәселеге айналып отырғанын, ауыз су жүйесін жаңғырту мақсатында Республикалық бюджеттен 9 млрд 335 млн. тенге қаржы сұралып, Парламент депуататтарымен атқарылған жұмыстың нәтижесінде тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Кентау қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов сегізінші шақырылымдағы 12 депутаттың 10-ы “AMANAT” партиясынан екенін, жыл басынан қалалық мәслихаттың 10 сессиясы өтіп, әртүрлі 67 шешімнің қабылданғанын жеткізді. “AMANAT” партиясының жол картасындағы 66 индикатордың бүгінде 44-і орындалған. Сонымен бірге, Қаблан Жамалбекұлы жылу қазандықтарының қазіргі ахуалын жеткізіп, Кентау қаласын экологиялық аймаққа өткізу шараларындағы атқарылған жұмыстарды саралады. Қарнақ ауылында туризмге сұранып тұрған дүниенің көп екенін, бұл мәселелер бойынша ауқымды жұмыстардың бар екенін мәлімдеді.
Ал Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмуратовтың айтуынша, биылғы жылы аудандық мәслихаттың 11 сессиясы өтіп, барлығы 75 шешім қабылданған. Мәслихат құрамынан жасақталған 3 тұрақты комиссияның 8 бірлескен және 13 жеке отырыстары өткен. Аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе халықтың әл-ауқатын, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуына бағытталған іс-шараларды белгілеп, олардың орындалуын үйлестірген. Мәслихат депутаттарының тұрғындармен жүргізген жеке қабылдауларында 239 мәселе көтеріліп, олардың ішінде 140 мәселе оң шешімін тапса, 87 мәселе бойынша құқықтық реттеу тетіктері түсіндірілген. Сайрамдық депутаттық корпус тарапынан 170 депутаттық сауал жолданып, олардың 61-і орындалғанын айтты.
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аймақтардағы өздері куә болып жүрген ауыз су, жер мәселелері, қоқыс полигоны төңірегінде сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.