«Егер сізден кеден бекетінен кедергісіз, тексермей өткізу не болмаса мемлекеттік қызметтер алу кезінде қосымша заңда көрсетілмеген құжаттарды талап ету және пара сұрау жағдайына тап болсаңыз, келесі сымтетіктерге хабарласыңыз»
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Сарыағаш ауданы әкімдігімен бірлесе іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-і және ерікті жастармен бірігіп, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Дербісек ауылдық округінде орналасқан Қазығұрт кеден бекетінде кезек күтіп тұрған жүк көлік иелеріне, кеденнен өтетін жолаушыларға «Егер сізден кеден бекетінен кедергісіз, тексермей өткізу не болмаса мемлекеттік қызметтер алу кезінде қосымша заңда көрсетілмеген құжаттарды талап ету және пара сұрау жағдайына тап болсаңыз, келесі сымтетіктерге хабарласыңыз» деген мәтіндегі ескертпе қағаздары таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты - кеден бекеттеріндегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және болдырмау, кеден саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапалы және белгіленген мерзімдерде (стандарттар мен регламенттер) орындалуы.
Ерікті жастар бүгінгі өткізген іс-шарамыздың халыққа тигізер пайдасы мол екенін айтып, кеден бекетіндегі кезекте тұрған жүк көліктердің заңды және кедергісіз өтіп, елімізге пайдасы тисе игі еді деп тарқасты.