​Түркістандық үздік оқушылар өлке табиғатын аралап, тарихымен танысты

0
2 047

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мектеп оқушылары үшін «Туған жерге тағзым» керуен-шеруі бастау алды.


​Түркістандық үздік оқушылар өлке табиғатын аралап, тарихымен танысты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мектеп оқушылары үшін «Туған жерге тағзым» керуен-шеруі бастау алды. Маусымның 25-нен басталған шараның мақсаты – жасөспірімдердің туған жердің табиғатын аралап, киелі мекендерін көріп, өздеріне рухани азық алу. Аталмыш шеру биыл екінші жыл өткізіліп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс бойынша қамтылуға тиіс көп балалы отбасынан шыққан 500 оқушының жартысынан астамы бүгінде туған жердің тарихына үңіліп, табиғатымен танысты.

Оқушылар үш жүздің басын қосқан – Ордабасы тауын, Сайрамдағы сансыз баптарды, Арыстанбаб кесенесі және көне Отырар қалашығын, әрі қарай Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Яссы қорғанын және осы секілді құнды жәдігерлері бар мұражайларға саяхаттады. Мұнан бөлек, Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, «Қазығұрттың басында кеме қалған...» тарихи кешені, Ақсу-Жабағылы қорығы, Төлебидегі тау туризмі, экотуризм, жазғы сауықтыру демалыс орындары мен және Шымкент қаласындағы көрікті жерлерде болды. Аталған бағыттар бойынша Қазығұрт және Мақтарал аудандарынан келген оқушылар саяхаттап жүр.

Керуен-шеру тамыз айының 18-не дейін жалғасады.