Қазір тәулігіне 1000 данаға дейін өнім кәсіпкердің шағын ғана цехында шығарылады
ERNUR.KZ. Түркістандық кәсіпкер Исламбек Жандар автокөлік бөлшектерін құрастырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістандық жас кәсіпкер Исламбек Жандар осыдан екі жыл бұрын Қытайдан автокөлікке қажетті бөлшектерді құрастыруды үйреніп, арнайы құрылғыны аспанасты елінен ала келіп қызығушылықпен іс бастаған. Содан бері кәсібі бір жүйеге түскен Исламбек бүгінде автокөлікке қажетті түрлі тазартқыштардың (фильтр) 280-нен астам түрін жасап шығарады. Тапсырыс та аз емес, тұтынушыларының қатары еселене түсуде. Биылғы жылы кәсіпкер ісін дамыту үшін биыл мемлекет тарапынан «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша арнайы грант ұтып алған.
Сондай-ақ, қазір тәулігіне 1000 данаға дейін өнім кәсіпкердің шағын ғана цехында шығарылады. Ең бастысы, бұл дайын өнімге қажетті шикізаттың 70-80 пайызы - отандық өнім. Тек қажетті қағазы ғана Қытайдан әкелінеді екен. Жас кәсіпкер енді сол дүниені де осында өндіруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар ауыр жүк көліктеріне арналған ауа тазартқыштар біздің нарыққа көрші Қытай және Еуропа елдерінен жеткізілетін еді. Енді Түркістандағы Исламбектің шағын ғана цехында шығарылып жатыр.
Шағын цехтың иесі бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырған Исламбек отандық өнімнің көлемін 100 пайызға жеткізіп, яғни Қытайдан әкелінетін шикізат қағазды да осында шығаруды келер жылы бастауға тәуекел етіп отыр. Ол кезде қосымша жұмыс күші де қежіт болады екен. қазіргі таңда Исламбек Жандардың цехында бір айда ауа, май және бензин тазартқыштың 280-нен астам түрінен 25 мың данасы шығарылады. Алдағы уақытта оның көлемі еселеп артпақ.
Жалпы, Түркістан қаласында жыл басынан бері «Ырыс» қаржы ұйымы арқылы 25 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде автокөлікке қажетті тазартқыштар шығаратын цехтан бөлек, қоқыс қалдықтарын өңдейтін жоба да бар.