Мақтаарал аудандық ауруханасының дәрігер травматологы жағдайын баяндады.
Түркістан облысында құтқарушылар комбайнның орақ аппаратына қысылып қалған жасөспірімді құтқарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Асықата ауылындағы шаруа қожалығының аумағында 2009 жылы туған жасөспірім жазатайым оқиғаға тап болған.
Атап айтқанда, комбайнды жөндеу жұмыстары кезінде жасөспірімнің аяғы ауыл шаруашылығы техникасының орақ аппаратына қысылып қалған. Бұл туралы ТЖМ-ның Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
«Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары арнайы құралдардың көмегімен жасөспірімді босатып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды», - делінген ресми хабарламада,
Мақтаарал аудандық ауруханасының дәрігер травматологы Әбдешев Нұржан Орынбасарұлының айтуынша, жасөспірімнің жағдайы тұрақты. Жансақтау бөлімінен бейінді бөлімшеге ауыстырылып, ауруханада емін жалғастыруда.


