Түркістандықтар орталық сайлау комиссиясының төрағасымен кездесті

0
458

Орта буын мен жастарға көбірек мүмкіндік беру мәселелері қозғалды.


Түркістандықтар орталық сайлау комиссиясының төрағасымен кездесті

Түркістандықтар орталық сайлау комиссиясының төрағасымен ашық әңгімелесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен келді. Мақсат – өңір тұрғындарымен кездесіп, сайлау процесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды талқылау, көпшіліктің пікірін білу. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы алдымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәжіліс залында БАҚ, саяси партия, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен, ел ақсақалдарымен кездесті. Жиында сайлау процестері бойынша өткір ойлар айтылып, сұрақтар қойылды.


Жиында түркістандық ақсақалдар сайлауларды әділ өткізу бағытындағы жұмыстарды күшейтуге қатысты ойларын жеткізді. Ал, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының төрағасы Еркінбай Шалтан депутаттық корпусқа бұрын басшы болғандар ғана емес, еңбек адамдары, мұғалімдер, ғалымдар, жалпы түрлі мамандық иелері көптеп тарту жөнінде ұсынысын айтты. Өзге де азаматтар көзқарастарын білдірді.


Сондай-ақ, Нұрлан Әбдіров Түркістандағы облыстық «Жастар реурстық орталығында» өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында ол мемлекетті өркендетуде, саяси процестерді жүргізуде жастардың беленділігі маңызды екенін жеткізді.


«Түркістан – ерекше өңір. Тарихи мәні зор аймақ. Бүгін өңірдің ел ағаларымен, белсенділерімен кездестім. Мақсатымыз – сайлау процесіне қатысты елдің ұсынысын, пікірлерін білу. Ащы пікірлер, түрлі ұсыныстар айтылды. Ал қазір жастармен, яғни, өздеріңізбен әдейі бөлек кездесуді жөн көрдім. Кейде жастар «сайлауға бармаймын» деп немқұрайдылық танытады. Дұрыс емес қадам. Керісінше сайлауға қатысып, өз ұстанымын білдіргендері жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаулар ашық өтуі тиіс екенін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы бағытта қоғам пікірін білу үшін еліміздің барлық өңірін аралап, жұртшылықпен еркін сұхбат құрып жүрмін. Әрбір сұрақ пен ұсыныс арнайы тіркеліп, тиісті сараптама жасалады», – деді ол.


Түркістан облысының жастары арнайы жүздесуге келген төрағаға ризашылықтарын білдіріп, байқаушылардың біліктілігін арттыру, құқығын қорғау, электронды дауыс беру жүйесін қолдану, сайланбалы органдарда зейнет жасындағыларға емес, орта буын мен жастарға көбірек мүмкіндік беру және өзге де мәселелерді қозғап, ұсыныстарын жеткізді.