Түркістандықтардың проблемалары кезең-кезеңімен шешіліп келеді

0
166

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.


Түркістандықтардың проблемалары кезең-кезеңімен шешіліп келеді

Түркістан облысы тұрғындарының мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.


Тұрғындармен “Ашық әкімдік” кеңсесінде кездескен Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелерді сала жетекшілерімен бірге саралап, шешу жолдарын қарастырды.


Саурандық қария Шорнақ ауыл округі аумағында инвестициялық жобаға бөлінген жерді жергілікті әкімдік теңгеріміне қайтаруды сұрады. Аталған мәселе бойынша ауданға инвестиция тарту маңыздылығы, жерді пайдалану және қайтару заңдылығы түсіндірілді.


Сайрамдық азаматша жер пайдалану құқығының бұзылып, сот шешімінің орындалмай отырғанына шағымданды. Аталған жағдайдың заңдылығын зерделеп, тиісті шаралар қабылдау Сайрам ауданы әкімінің орынбасарына тапсырылды. Сондай-ақ, жалған ақпарат беру, өндірістік кооперативтің жұмысына кедергі келтіру жөнінде арызданған азаматтың шағымы тыңдалып, заң аясында жауап берілді.


Келес ауданынан келген азаматша жеңілдетілген несиеге қолы жетпей келетінін айтып, көмек сұрады. Шағын несие ұйымының өкілі кепіл мүлік болған жағдайда құжат өткізіп, қаржы ала алатынын жеткізді.


Ордабасылық азамат та жерге қатысты мәселе көтеріп, суармалы жердің мақсатын ауыстыруға ықпал етсеңіз деді. Жеңіс ауыл округінің жайылым жер үлесін ұлғайту қажеттілігін айтып, нақты шара көруді өтінді.


Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.


Айта кетейік, облыс әкімі орынбасарының жеке қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Бөлісу