Түркия – туризм саласында әлемдегі жетекші елдердің бірі.
Арнайы делегация Түркияда Түркістан өңірінің туристік орындарын насихаттап, сол елдің тәжірибесімен танысуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының делегациясы туризм саласы бойынша жетекші елдердің бірі Түркияда өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, тәжірибе алмасуда. Road show форматындағы кездесулерді Ыстамбұл, Кайсері және Конья қалаларында ұйымдастыру жоспарланған.
Туристерді тарту мақсатында өтіп жатқан ақпараттық турда Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени және көрікті орындары мен табиғаты жарнамаланды. Баршаға белгілі, Түркістан халықаралық әуежайынан Ыстамбұл бағытына тұрақты рейстер қатынайды. Сондықтан қос ел арасындағы іскерлік және достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажет.
Түркістандық делегация құрамында облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директоры Серік Сандыбаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Жақсылық Акимов, «Керуен сарай» мен «Top Tobe Grand Hall» кешендері, «Rixos Turkistan» және «Hampton By Hilton Turkistan» қонақүйі мен туристік агенттіктердің өкілдері бар.
Сапар ең әуелі Кайсері қаласының туристік бизнес және туристік агенттіктердің өкілдерімен кездесуден басталды. Кездесу барысында Түркістан облысымен бірлесе отырып туристік маршруттар әзірлеу жайы талқыланды. Атап айтқанда, «Ashab Turizm», «Küçük Turizmci», «Seruven», «Nero», «TatilciX», «Gezersoy», «Wyndham Grand Kayseri», «Germeya Travel», «Novotel», «Kayseri Erciyes», «Jolly» туристік агенттік жетекшілеріне жан-жақты мәлімет ұсынылды. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, үнпарақтар таратылды. «ERCIYES UNIVERSITY» университетінің басшылығы мен Түркістан қаласында орналасқан Халықаралық туризм және меймандостық университетінің өкілі өзара пікір алмасты. Екі тарап туризм саласында білім беру бағыты бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Осы мақсаттағы іссапар Кония қаласының «Necmettin Erbakan» туризм бағытындағы университетінде жалғасты. Екі жоғары оқу орны арасында байланыс орнату, тәжірибе бөлісу, білікті мамандарды дайындау тұрғысынан келіссөздер жасалды. Аталған универсиеттің проректоры, профессор Әли Қаһраман бауырлас елдердің білім-ғылым алмасу бастамасын қуана қабылдады.
Түркістан өңірінің делегациясы Түркияның туризм саласындағы жетістіктерін зерттеп, оны елімізде енгізуге күш салады. Бұл сапардың басты мақсаттарының бірі де – осы. Өйткені, Түркия – туризм саласында әлемдегі жетекші елдердің бірі.
Түркияның туризм саласы дамыған негізгі нүктелері, яғни танымал қалаларында Road show ақпараттарды қажетті аудиторияларға жеткізуге басымдық берілуде. Түркістандық топ музейлерді де аралап, ерекшеліктерімен таныс болуда. Делегация бүгін ақпараттық турды Ыстамбұлда жалғастырады. Айта кетейік, іссапарды өткізуге Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігі ықпал етті.