Уәде емес, жұмысты көбейтуіміз керек – түркістандық әкім

0
783

Аудан әкімі бұл мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.


Уәде емес, жұмысты көбейтуіміз керек – түркістандық әкім

Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков пен аудандық маслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейісов тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Аудан орталығын ғана емес, алдымен ауылдар мен елді мекендерді дамытуымыз керек» деген қағиданы ұстанатын Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков пен аудандық маслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейісов Майдантал ауылына арнайы барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Ауылдағы жан-жақты саланы қамтитын өзекті мәселелер талқыланған жиынға Сауран аудының прокуроры Құдайқұл Ғалымжан Қапалбайұлы, Майдантал ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Саргелтаев Асқар, аудан әкімі аппараты басшысы м.а. Кудияров Дәулетбек, аудан әкімі орынбасарының м.а. Садибаев Серік, аудан әкімі орынбасарының м.а. Оразбеков Байдулла, аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының м.а. Алиханов Шоқан, ауыл шаруашылық маманы Оразбаев Сәкен қатысты.

«Мен Майданталға жиі келемін. Бұрын сіздер аудан орталығы Кентауға бару үшін біраз жол жүретін едіңіздер. Ал, қазір жаңа аудан орталығы Шорнаққа бару үшін 30 минут қана уақыт жұмсайтын боласыздар. Бұл сіздерге өте ыңғайлы болмақ. Жаңа аудан құру – мемлекет пен халықты бір-біріне жақындатудың бір жолы. Жаңа аудан құрамына енген сіздердің ауылға бөлінетін көңіл де жақсарып, мәселелеріңіздің шешімін табу жолдары да жеңілдейтін болады», - деп сөз бастады аудан әкімі.

Жиылған халық ішінен алғаш болып мақалдата, мақамдата сөз бастаған ауыл ақсақалы тарихи топырақта жаңа ауданның бой көтергенімен жұртшылықты құттықтап, аудан әкіміне сәттілік тіледі.

"Біздің ауыл тоғанға жиналған су арқылы егіс егіп, күн көреді. Бұл тоғанға жетпіс жыл болды, жылдан-жылға суы азайып, тозып барады. Бүгінде тоған суының азаюы ауыл халқы үшін үлкен қиындық тудырып отыр", - деп Майданталдағы өзекті мәселені көтерген ауыл ақсақалы сөзінің соңында Бұқар жыраудың жырын тіліне тиек етіп, ауыл халқын ынтымақ пен бірлікке шақырды.

Ал, аудан әкімі бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

«Тоғанның мәселесін облыстық деңгейде көтеріп келемін. Облыс әкімінің орынбасары жаңа ауданның жұмысын бақылау үшін аптасына 1 рет келіп тұратын болды. Облыс әкімінің өзі айына 1-2 рет келетін болады. Бұл бастаманың сіздердің мәселелеріңізді шешуге де септігі тиері сөзсіз», - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ, жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан ауылдағы шабындық пен жайылым жерлердің жетіспеушілігі, интернет мәселесі, ауылдағы балалар ойын алаңы мен спорт кешендерінің жоқтығы, мектепті жөндеуден өткізу мен жолдардың нашарлығы сияқты бірқатар мәселелер айтылды.

Тұрғындардың мәселесін зер сала тыңдаған аудан әкімі қазіргі таңда республика көлемінде интернет сапасын жақсарту жұмыстарының жүріп жатқанын, ауылдағы интернет мәселесінің де өз шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ, аудан әкімі президенттің жолдауында спортты дамыту, оның ішінде бұқаралық спортқа қолдау білдіру туралы айтылғандығын негізге ала отырып, ауылдағы спортты дамытуға да назар аударылатындығын жеткізді. Жиын барысында сөз алған аудандық маслихат хатшысы М. Күнпейісов ауылға жауапты жаңа депутат бекітілгенін хабарлады.

«Сауран ауданына 9 депутат бөлінген болатын. Депутат Талғат Садуовты Майдантал ауылына бекіттік. Бұл шешім ауылдағы өзекті мәселелердің шешім табуына үлкен септігін тигізетін болады. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз», - деді М. Күнпейісов.

Жиын соңында аудан әкімі Ғ. Рысбеков көп уәденің орнына, көп жұмыс істеуге шақырып, кездесу соңында ауыл тұрғындары жаңа ауданның жұмысына сәттілік тілеп, ауыл ақсақалдары халыққа ақ батасын берді.

«Елдегі пандемияға байланысты болашақта ауыл тұрғындарымен кездесу форматын өзгертетін боламыз. Ауыл ішіндегі әр көшеге «Көше билерін» тағайындаймыз, көп халықты жинамай, елдегі мұң-мұқтаждықты сол көше билері арқылы біліп отыратын боламыз. Жұмыс жасайық, көп уәде бермейік, көп жұмыс істейік», - дейді Ғани Рысбеков.