Таратылған кітаптар әртүрлі жанрды қамтып, оқырмандардың сұранысына сай іріктеліп ұсынылды.
Түркістанда Ұлттық кітап күні мерекесіне орай 120 кітап тегін таратылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекелік іс-шара аясында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы бірлесіп, мазмұны терең, тағылымы зор игі бастаманы жүзеге асырды. Бұл күні 120 дана кітап қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылды.
Бұл тек кітап тарату акциясы ғана емес, әр оқырманға бағытталған рухани сый, білімге бастайтын ізгі қадам, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтатын маңызды бастама болды.
Таратылған кітаптар әртүрлі жанрды қамтып, оқырмандардың сұранысына сай іріктеліп ұсынылды. Әр кітап – жаңа ойға жол ашатын, танымды кеңейтетін, рухани дүниені байытатын құндылық.
Игі іс Ұлттық кітап күні аясында кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, оқырман мәдениетін дамытуға және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға өз үлесін қосты.


