Ал бүгін Сіздердің көмектеріңізбен 80 мың түп ағаш отырғызылады. Бүгінгі отырғызған ағаштарыңызды бірнеше жылдан соң қалай өсіп тұрғанын келіп қарайтын боласыздар. Керек болса, аттарыңызды да жазып кетіңіздер. Кейін балаларыңызбен бірге келіп көресіздер.
Бүгін Шымкент қаласында «Шымкент – менің бақша қалам!» атты фестиваль басталған болатын. Қала аумағындағы «Самал» шатқалында бір мезгілде 80000 жеміс ағашы отырғызылатын бұл фестивальді ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев ашып берді. Қала тұрғындары мен қонақтарына аталған іс-шара барысын түсіндіріп өткен облыс әкімі қала халқын ендігі жерде осынау шатқалға келіп демалуға, серуендеуге шақырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
- Шатқалға ағаш отырғызуды былтыр бастағанымызды білесіздер. Жолдың бойынан өткенде байқалмайды. Қазір өздеріңіз түсіп, қыдырып көріңіздер. Былтырғы ағаштарымыз біраз «бойжетіп» қалды.
Ал бүгін Сіздердің көмектеріңізбен 80 мың түп ағаш отырғызылады. Бүгінгі отырғызған ағаштарыңызды бірнеше жылдан соң қалай өсіп тұрғанын келіп қарайтын боласыздар. Керек болса, аттарыңызды да жазып кетіңіздер. Кейін балаларыңызбен бірге келіп көресіздер, - деген Жансейіт Түймебаев Шымкенттің нағыз Шымқала болуы керектігін баса айтып өтті.
Сондай-ақ облыс әкімі тағы да жеті шатқалға осындай ағаштар отырғызылатынын, Бекет батыр көшесін Арбатқа айналдырып, оның жұмысы аяқталуға жақын екендігін, шағынаудандардағы каналдың бойын тазартып, ол жерді де қала халқы мен қонақтары серуендеп демалатын орынға айналдырып жатқан игі жұмыстарды айтып өтті.
«Мұның барлығы да Шымкенттің нағыз Шымқалаға айналдыратын шаралар. Сондықтан әрбір демалыс күндері осындай іс-шараларға атсалысып, бірге келгеніміз барлығымыз үшін пайдалы. Денсаулықтарыңыз үшін және қаланың көркі үшін», - деп түйді сөзін Түймебаев.