Жедел жәрдем науқасты клиникалық өлімнен кейін тірілтіп алды.
ERNUR.KZ. Арыста кезекшілікте болған елордалық жедел жәрдем бригадасы клиникалық өлімге ұшыраған науқасты құтқарды, деп жазады sputniknews.kz.
3 шілдеде таңертең Арыстағы жедел жәрдемге 30 жастағы ер адамның тоққа түсіп қалғаны туралы хабар түскен, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем оқиға орнына жеткенде, ер адам ес-түссіз жатқан, дәрігерлер "клиникалық өлім" диагнозын қойыпты.
Медициналық қызметкерлер жүрек-өкпе жұмысын қалпына келтіру үшін тез шара қолданып, науқастың беті бері қарайды. Дәрігерлердің арқасында ер адам клиникалық өлімнен кейін тірілген.
Содан соң науқасты санитарлық көлікпен Шымкентке жеткізеді. Қазір ер адамның жағдайы бір қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол кардиология орталығында емделіп жатыр.