Биыл жалпы аудан бойынша алынуы жоспарланған 37 917 тонна көмірдің 31 586 тоннасы тұрғындардың, 6331 тоннасы бюджеттік мекемелердің қаеттіліктерін қамтамасыз етеді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылыту маусымына дайындықты талапқа сай жүргізуді тапсырған болатын. Осы ретте аудан әкімі Серік Мамытовтың төрағалығымен 2024 - 2025 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аудан әкімі аудандағы мектептер мен мәдениет ошақтарындағы, денсаулық сақтау мекемелеріндегі қажетті көмір отынымен қамтамасыз ету шараларын тездету керектігін айтты.
Өткен жылы елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде қатты отынға деген сұраныс 2023 жылмен салыстырғанда бюджеттік мекемелерде 14,5 пайызға, тұрғындар арасында 25,6 пайызға төмендеп, 184 бюджеттік мекеменің 114-іне сығымдап шаю жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, аудандағы 9 бюджеттік мекеменің жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыру үшін облыс қазынасынан 230 млн 870 мың теңге қаралып, 3 денсаулық сақтау нысанының мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған. Қалған 6 білім беру нысандарына мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.