«Бір ел - бір кітап - 2018» республикалық акциясы бойынша биыл үш кітап таңдап алынды.
Кентау қаласындағы облыстық Арнаулы кәсіптік колледжінде «Бір ел - бір кітап - 2018» республикалық акциясы бойынша «Жылдың үздік үш кітабы» атты әдеби сағат өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қазақ әдебиетін көпшілікке танымал ету, қоғамның кітап оқуға ынтасын көтеру, сонымен қатар өсіп келе жатқан жас ұрпақтың рухани дамуына әсер ету мақсатында ұйымдастырылған шараға Кентау қалалық орталық кітапхананың кітапханадан тыс қызмет көрсету бөлімі ұйытқы болды.
Жалпы елімізде 2007 жылдан бастап «Бір ел - бір кітап» акциясын өткізу дәстүрге айналды. «Бір ел - бір кітап - 2018» республикалық акциясы бойынша биыл үш кітап таңдап алынды. Олар Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары.
Жиын барысында кітаптар студент-жастарға таныстырылды. Кітапханашылар «Жылдың үздік үш кітабы» атты кітап көрмесіне шолу жасап, студент-жастарды кітапхананың тұрақты оқырманы болуға шақырып, шараны қорытыныдылады. Оқырмандар аталған кітаптармен танысты. Облыстық Арнаулы кәсіптік колледжінің 1 курс студенті Диана Қуаныш Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» аттыкітабын 15 күнге оқуға жаздырып алды.