Гусмания гүлі 1 жылдық өсімдік.
8 наурызда ең көп берілетін сыйлықтардың бірі – бөлме гүлдері. Мерекеде көпшілік арасында «ана жүрегі» атанып кеткен гусмания гүлінің де өтімі күшейеді. Егер мерекеде осындай сыйлық алған болсаңыз немесе үйіңізде бар болса оның күтімі мен түрлері туралы кеңестерді біле жүргеніңіз абзал.
Гусмания гүлі туралы
Гусмания гүлі - бромелиялар тұқымдасына жататын өсімдік. Гүлдің сырт пішіні фонтан секілді. Тығыз орналасқан жасыл, ұзын, тік өскен жапырақтардың ортасы ерекше қызыл немесе сары түске енеді.
Гүлдің атауы - 1802 жылы ең алғаш осы өсімдікті сипаттағаны үшін испан ботанигі Анастасио Гусманның құрметіне қойылған. Бұл гүлдің табиғатта 130-ға жуық түрі бар.
Бір қарағанда гусмания гүлінің өсіп кетуі қиын секілді көрінеді. Алайда бірнеше кеңесті ұстанса жеткілікті. Дұрыс күтім жасалған жағдайда гусмания үй ішін бірнеше уақыт бойы әдемі гүлімен безендіреді.
Гүлдің жапырағының ұзындығы шамамен түріне қарай 70 см болады. Гусмания 3 айдан көп гүлдеп тұрады.
Негізі гусмания гүлі 1 жылдық өсімдік саналады. Яғни гүлдеп болған соң қурап қалады. Гусманияның гүлдеу уақыты оның сұрпына және күтіміне байланысты болады.
Гүлдің күтімі
Жарық
Тропикалық гусмания мол жарықты қажет ете бермейді. Шамалы жарық түсетін жер болса жеткілікті. Тікелей түскен күн сәулесі жапырақтарды күйдіріп жібереді.
Суғару
Гусмания гүлі ылғалды қатты жақсы көреді. Гүлдеп тұрған мезгілінде шұңғыл, бірақ гүл құмырасы ішіне батып тұрмайтындай ыдысқа таза су құйып гүлдің астына қою керек. Ыдыстағы суды айына бір рет ауыстырып тұрған жөн. Ал, гүл топырағына суды аз мөлшерде, дымқылдап қана құямыз. Гүлдеп болған соң, тек топырағына ғана су құямыз. Сонымен бірге ылғалдандыру үшін жапырақтарына су бүркіп тұрған жөн.
Қоректендіру
Гусмания гүлін мамыр айынан тамыз айына дейін арнайы бромелияларға арналған тыңайтқышпен айына бір рет қоректендіреді. Ал, жалпы гүлдерге арналған тыңайтқышты қолданғанда, басқа гүлдерге құятын мөлшерден екі есе аз мөлшерде қолдану қажет.
Гусмания гүлін үлкен ыдысқа отырғызудың қажеті жоқ. Ал егер ол сізге сыйлыққа келген болса немесе сатып алған болсаңыз, онда сатушы ыдысты ауыстыру қажет немесе керек емес екені жөнінде айтқаны дұрыс.
Аурулары
Гусмания гүлі өрмекші кенесі және өсімдік биті зиянкестерінің әсерінен ауруы мүмкін. Сонымен бірге суды көп мөлшерде құйып, артық суғарғаннан саңырауқұлақ ауруларына шалдығып жатады.
Көбейту жолдары
Гусмания гүлін тұқымы арқылы көбейту ұзақ уақыт алатындықтан, жанынан өсіп шыққан жанама өскіндері арқылы көбейткен жөн. Жанама өскінді негізгі аналықтан бөліп алмай жеке тамыры шыққанша күту керек. Тамыры шықпаған өскін өнбейді.
Гүлдеуі
Гусмания гүл ашпаса онда оны гүлдетудің оңай тәсілі бар. Ол үшін шіріген алма немесе банан қабығы керек. Шіріген жемісті гүлдің топырағына қойып, бетін полиэтилен қалтамен жауып қою қажет.
Дайындаған: Э.Базарбаева,