Қарны аш кезде сауда жасаған адамның көзі де тойымсыз болады екен. Ашқарынға сауда жасамаңыз!
Жалпы, шоппинг жасау жанға жағымды істердің бірі. Алайда шоппинг барысында қателік жібермеген жандар аз емес болар. Сондықтан да кейде сөрелерімізден керексіз, алғаннан кейін ұнамай қалатын, ақшаны бекер жұмсаған заттар табылып қалады. Ал сол шоппинг қалтаңызға салмақ түсірмей, алған заттарыңыз ұнамды болсын десеңіз, төмендегі қарапайым ғана ережелерді біле жүрген жөн.
11 қараша – бүкіләлемдік шоппинг күні. Әзірге бұл мереке аса бір танымалдыққа ие емес, дегенмен жылдан-жылға халық арасында жайылып, әйгіленіп келеді. Мұндай ерекше мерекенің бастауы Қытай елінен шыққан. Мереке алғаш рет «бойдақтар күні» ретінде тойланатын болған.
"11.11." яғни, 11-ші айдың 11-і күні, қатарынан төрт бірлік те бекер таңдалмаған. Сандардың адам өміріне тылсым әсері болатынына сеніммен қарайтын аспан асты елі, бұл күні бойдақтар өмірлік өз жұптарын кездестіреді деп сенген. Сол себепті де бойдақ жігіттердің екінші жартысы дүкенді көп аралайтын қыз-келіншектер болғандықтан, өз теңін сол жерден кездестірсін деген ниетпен, дәл сол күні дүкендерде ер азаматтар үшін киімге ерекше жеңілдіктер жүретін болған. Кейіннен бұл мейрам жан-жаққа танылып, жалпы шоппинг мерекесіне айнала бастады.
Қарын тоқ болу керек!
Яғни қарны аш адамның көзі тойымсыз болады екен. Сондықтан ашқарынға сауда жасаған адам барлығын да сатып алғысы келіп, тым көп қаражат жұмсап қоятындығына ғалымдардың дәлелі бар. Сондықтан дүкен немесе базар аралауға жиналдыңыз ба, тамақтанып алыңыз.
Дүкенге тек көтеріңкі көңіл күйде барыңыз!
Шоппинг көңіл-күйді көтереді, бұл бесенеден белгілі. Бірақ қалтаңызды қағады. Сол себепті көңіл- күйіңіз болмай тұрса, сауда жасаудан уақытша бас тарта тұрған абзал.
Тізім жасап алыңыз
Керек заттардың тізімін үйден шықпай тұрып белгілеп алыңыз. Өйткені дүкендерде, әсіресе супер-гипермаркеттерде тауардың көптігі сондай, сіз өзіңізге ненің өте қажет, ал қандай затқа шығынданбай-ақ қоюға болатынын ұмытып қаласыз. Өзіңізге нақты керек затты жазып алсаңыз, бір жағынан ақшаға үнем болса, екінші жағынан дүкенде де не алу керек еді деп ойланып, толғанып, өз уақытыңызды босқа жоғалтпайсыз.
Төменгі сөреде тұрған заттарға назар салыңыз
Адамдар көбінесе өзінің көзінің деңгейіндегі тауарларды сатып алады екен. Ал одан төмен сөреде тұрған заттар назардан тыс қалып жатады. Бірақ осы орайда сіз білмеген бір айла бар. Сіздің көзіңіздің деңгейінде орналасқан тауардың бағасы әдетте жоғары, ал төменгі сөреде орналасқандар сапасы жағынан қалыспайды, бірақ бағасы жағынан әлдеқайда төмен болатынын ескеріңіз!
Бағаға алданып қалмаңыз
Баға сапа көрсеткіші емес. Кейбіреулер қымбат тауар ең сапалы деп ойлайды. Алайда қымбат брендті киім не техника жарты бағаны тек өзінің аты үшін ғана алады. Орта бағалы бренд тауарларының арасынан да қымбатынан еш кем түспейтінін табуға болады.
Сауда орындары мен дүкендерде арба емес, қолыңызға себет алыңыз
Сіз неғұрлым көп зат сатып алсаңыз,соғұрлым дүкенге пайда көбірек түседі. Ал арба сүйреткенге қолайлы болғанымен, оның сыйымдылығы мен ыңғайлығы қалтаңызға қауіпті. Ал себет болса кішірек болғандықтан тез толады, алған заттарыңыз да көп болып көрініп, еріксіз кассаға қарай жақындай бастайсыз.
Осындай қарапайым ережені ұстансаңыз, сізді аса қажет емес қатарларды аралап, көзге түскеннің бәрін сатып ала беруден алшақтатады.
суреттер: ашық дереккөзден
Аударған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Байып кету үшін үйде МЫНАҒАН мән беріңіз