Үйіңізде "ДОЛЛАР АҒАШЫН" өсіре алмай жүрсіз бе?

0
13 816

Оны өсірудің өз тәртібі бар...


Үйіңізде

Замиокулькас – қою жасыл түсті, пластмасса секілді жапырақтары бар, халық арасында "доллар ағашы" деген атқа ие өсімдік және ол қазіргі кезде көптеген үй мен кеңселердің сәніне айналған. Доллар ағашының күтімі жақсы болған жағдайда оның биіктігі 1-1,5 м-ге дейін жетеді. Алайда осы ғажайып гүлді көпшілігіміз қатты ұнатқанымызбен дұрыс өсіре алмай жататынымыз бар.

Ендеше үйіңізде доллар ағашы жайқалып тұрсын десеңіз, кеңесімізге көз жүгіртіңіз!


Доллар ағашы туралы

Бұл өсімдік бізге алыстағы ыстық Африка құрлығы мен Мадагаскар аралдарынан жеткен. Фен-шуй заңдылығына сәйкес, доллар ағашы ақша тартады. Бұл «сиқырлық» орындалу үшін гүлді бөлмеңіздің оңтүстік-шығысына қойып, топырағына бірнеше тиын (металл теңгелер) көміп қойсаңыз болғаны.


Сатып немесе сыйлыққа алғаннан кейін не істеу керек?

Мұндай кезде гүлді ыдысынан ауыстыруға асықпаған дұрыс. Себебі өсімдік жаңа ортаға толық бейімделу үшін 2-3 апта уақыт қажет болады. Тек осы уақыттан кейін ғана доллар ағашын басқа ыдысқа ауыстыра аласыз, бірақ жыл мезгілі мен өсімдіктің жасына (жаңадан өсіп келе жатқан доллар ағашын ауыстырудың қажеті жоқ) қарау қажет. Сондай-ақ гүлді ауыстырып отырғызуда, гүл қондыратын ыдысты дұрыс таңдау керек. Доллар ағашы қымбат керамика ыдыстарға қарағанда, пластиктен жасалған арзан ыдыста жақсы өседі. Себебі, керамикалық құтылардың қабырғасы гүл тамырына зиянды. Ыдысты биіктігіне емес жалпақтығына қарай таңдап алған дұрыс, яғни ол – шектен тыс жалпақ немесе жіңішке болмағаны дұрыс.


Жаңа ыдысқа ауыстырып отырғызу

Доллар ағашын отырғызатын ыңғайлы ыдыс таңдап алған соң, ең түбіне керамзитті дренаж салынады. Доллар ағашы үшін диаметрі 10-20 мм-лік орташа көлемдегі дренаждар дұрыс.Дренаждан кейін бүкіл көлемнің 4/1 бөлігіндей етіп құм салынады, тек содан кейін ғана топырақ толтырылады. Доллар ағашы жылына 1рет қана ауыстырып отырғызылады. Ал оны ауыстырудың қажеті бар ма, жоқ па оны өсімдіктің ыдысына қарап аңғаруға болады. Егер гүл отырғызған құты бастапқы қалпынан өзгерген болса, демек гүл тамырлары өсіп, ыдыс тарлық етіп тұрғаны.

Назарға алыңыздар! Доллар ағашын ауыстырып отырғызғанда өте мұқият болу қажет және қолға міндетті түрде қолғап киіп алған жөн. Себебі гүлдің шырыны улы болып келеді.



Доллар ағашының күтімі өте қарапайым

Бұл өсімдіктің күтімі қарапайым болғандықтан оны кез-келген жанның өсіруге мүмкіндігі бар. Доллар ағашын сәуір айының ортасынан бастап қыркүйекке дейін тыңайтқышпен қоректендіру қажет. Ал күз бен қыс және ерте көктемде ешқандай тыңайтқыштың қажеті жоқ. Тыңайтқыштыңкактус гүлдеріне арналған түрлерін пайдалану ұсынылады. Жапырақтарын уақтылы шаңнан тазартып сүртіп, аптасына бір рет су бүркіп тұру керек. Жазда сыртқа шығарған дұрыс. Сондай-ақ жазда тек топырағы құрғаған кезде ғана суғару қажет, ал қысқы мезгілде айына екі реттен көп суғарудың қажеті жоқ. Қыста гүл тұратын жердің температурасы мүмкіндік болса 16 градустан төмен түспегені дұрыс. Бастысы доллар ағашы жарық мол түсетін жерді, жылылықты, уақтылы суғаруды жақсы көреді, салқын температураны, артық ылғалды ұнатпайды.


Доллар ағашына арналған негізгі кеңестер:

  • Доллар ағашы - бөлменің шығыс және батыс беттегі терезенің жарығында жақсы өседі.
  • Топырағы ылғал болғаннан құрғақ болғаны жақсы.
  • Қысқы мезгілде терезе алдына жақын жерге қойған дұрыс.
  • Қыстан шыққан соң күн көзіне біртіндеп үйрету керек. Бірден сыртқа шығарып қойып күйдіріп алудан сақ болыңыз!


Доллар ағашын үй жағдайында көбейту жолдары

Бұл гүлді үй жағдайында көбейтудің негізгі үш жолы бар: жапырағынан, бөлу арқылы немесе қаламшелеу жолымен.

Жапырақ және қаламшелеу арқылы көбейту үшін, шымтезек (торф) пен құмды 1:1 көлемде араластырып соған егу қажет. Үстіне банка төңкеріп қойса тез тамырлап, өніп кетеді.

Ал бөлу арқылы отырғызу үшін, гүлді ақырындап, мұқият бөліп алып, жаңа ыдысқа отырғызу керек.

Доллар ағашының ауруына, өліп қалуына себеп болатын жағдайлар:

  • Температураның бірден өзгеруі басты себептердің бірі. Төмен температура мен өкпек желден жапырақтарда қара дақ пайда бола бастайды. Ал төмен температурадағы шектен тыс суғарылғанынан гүлдің түбі қарайып, шіріп кетеді.
  • Тағы бір себеп, ол – топырақтың ылғалы буланбайтын ауыр болуында.
  • Күн сәулесінің жетіспеушілігі де гүлдің өліп қалуына әкеледі, әсіресе қысқы мезгілде. Ал тікелей түскен күн көзі жапырақтарды күйдіріп жібереді.

Жоғарыда айтылған кеңестерді ұстансаңыз, онда сіздің доллар ағашыңыз міндетті түрде жайқалып, үйіңізге жайлылық пен сән, сәттілік сыйлайтыны сөзсіз.

Дайындаған: Э.Базарбаева

ERNUR.KZ

Сізді қызықтыруы мүмкін: ТЕРЕКТІҢ түбіріне АЛМА өсіруге болады