ҚАН ТОБЫҢЫЗ бен МІНЕЗІҢІЗДЕ қандай байланыс бар

0
3 505


ҚАН ТОБЫҢЫЗ бен МІНЕЗІҢІЗДЕ қандай байланыс бар

Шамамен жүз жыл бұрын Карл Ландштейнер адамдардың қан тобы туралы тұжырымын жариялап, осы еңбегі үшін Нобель сыйлығын алған еді. Алайда, ол кезде қан тобының басқа қасиеттерін білсе де, адамның мінез-құлқымен байланысы барын білмеген еді. Бұл жаңалықты жақын арада жапон ғалымдары ашты және ол бірден қолданысқа еніп кетті.


І топ (О+ және О): «аңшылар»

Адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдерден, небір қиын қыстаулардан аман өткендер – бойында І топ қаны тулап тұрғандар. Қазіргі І топтықтар – осындай «аңшылардың», батырлардың тікелей мұрагерлері. Олардың бойы күш-қуатқа толы, өзіне сенімді, қандай кедергі болсын еңсереді, ештеңеден қорықпайды, жүрексіну жанына жат. Әр қадамын алдын ала есептей біледі және көздегеніне қол жеткізбей тынбайды. Көш бастауға, ел тізгінін ұстауға туған адамдар. Мақсаты айқын болса, оған жету үшін ойға келмейтін, миға сыймайтын әрекеттер жасауға дайын. Еркін, тәуелсіз, бірбеткей тұлға. Қандай күрмеуі қиын жағдайда да ең тиімді шешімді, ең ұтымды жолды таңдай алатын табиғи сезімталдыққа ие. Осынша басымдықпен қоса, кемшілігі де бар: сырт көздің сынын көтере алмайды. Біреуге бағынуды, басшының қол астында жұмыс істеуді мүлде қаламайды, қаласа да, қолынан келмейді. Өз көзқарасынан айнуы, пікірін өзгертуі өте қиын. Жаңа жағдайға тез бейімделе алмайды. Бірқалыпты өмір ағысы, бәсекелестіктің болмауы тірлігін кері кетіреді. Жеке өмірде сүйіктісін жекеменшігіндей көретіні, болмашыдан қызғанатыны көп қиындық туғызады. Әйткенмен, өмірлік серігіне шексіз қамқорлық танытып, сенімді қорған бола алады.


II топ (A+ және A-) – «егіншілер»

Екінші қан тобының иелері – салқынқанды, байсалды, парасатты, саналы адамдар. Сырт көзге тым қарапайым, тіпті қарабайыр көрінуі мүмкін. Алайда, ол – алдамшы бейне, ішкі әлемі қазына-байлыққа толы, сегіз қырлы, бір сырлы. Адал дос, сенімді серіктес. Баяу қимылдағанымен, кез келген шаруаны тиянақты, сапалы атқарады. Кемшін тұсы деп өз пікірін ысырып қойып, өзгенікімен келісе кетуге бейімдігін айтуға болатын шығар. Айтпақшы, шектен шыққан ұсақшылдығы бар, көп жағдайда ол сараңдыққа ұласады. Өзіне еркіндік бермейтіні, жоспары тура ойлағанындай жүзеге аспаса, әбігерге салынып, күйзеліске бой алдыратыны да өзіне зиянын тигізетін кемшілігі.

«Егіншілер» көзге көп түскісі келмейді, кісіге сырын алдырта қоймайды. Есесіне, өздері басқа адамдарды бақылауды, сырттай бағалауды, іс-әрекетін сараптауды жақсы көреді. Эмоциясын басқара алады, ашуын ақылға жеңдіре біледі. Көмек сұрағанға қол ұшын созуға әрдайым әзір. Ал өзі ешкімнің жәрдеміне мұқтаж болғысы келмейді, өзіне ғана сенеді. Осындай қасиеттеріне сәйкес, ІІ қан тобындағылардан көшбасшы шықпайды. Есесіне, атқарушылық қызметтің шеберлері, тапсырылған істі мүлтіксіз орындайды, уақытынан кешіктірмейді. Дау-жанжалға жол бермейді, кез келгеннің тілін табады. Осылайша олар үлкен құрылымның маңызды тетігі бола алады.


III топ (В+ және В-) – «көшпенділер»

Оларды іскер, пысық, икемді, кей жерде тіпті қулыққа салуы мүмкін деп сипаттайды. Бірқалыпты өмірден тез жалығады, мекенжайын, өмір салтын, жұмысын, қызығушылығын, т.б. жиі ауыстырып тұрғанды жақсы көреді. Ең кереметі – ІІІ топ қанында алдыңғы екі топтың ең мықты, ең жақсы қасиеттері тоғысқан. Кез келген жағдайға оңай бейімделеді, ең қиын тығырықтың өзінен жол тауып кетеді, кез келгеннің тілін тауып, компромиске келтіреді, өзіне сенімді, көздегеніне қалай да қол жеткізеді, ақыл-ойы ұшқыр, эмоцияға берілгіштігін тиімді пайдаға асыра алады. Бүкіл жер шарын аралап, әлемнің бар кереметін көргісі келеді. Көп жағдайда бұл арманын жүзеге асырып, жиһанкезге айналады. Тәжірибесі мен білімі, терең түйсігінің арқасында ақыл сұрағандарға құнды ой айта алатындықтан, олардан көмек сұраушылар көп. Достыққа да, уәдеге де берік.

Кемшіліктерінің қатарында кейде шектен тыс сезімтал, жүрегі жұмсақ, жаны жараланғыш екенін айтуға болады. Сондай-ақ, кейде тым көп сөйлеп, ақылсынып кететіні, артық айтып қоятыны бар.


IV топ (AB+ және AB-) – «өнертапқыштар»

Оларды өнертапқыштар, сондай-ақ, ойшылдар немесе данагөйлер деп те атайды. Зиялы, қарым-қатынасқа әрдайым ашық, сыпайы, көркем сөйлей білетін, бәріне тек жақсылық тілейтін кең жүрек иесі. Әзілдескенді жақсы көреді, өзіне қатысты әзіл-қалжыңды да көтере алады. Күрделі мәселе тұсында, қиын қыстау кезеңде ұзақ ойланады. Оң мен солды әбден салмақтап, терең саралағасын барып шешім қабылдайды. Көп жағдайда қателеспейді. Сырт келбеті тартымды, ішкі әлемі мазмұнды, қызық тұлға болғандықтан, айналасында үнемі адамдар топырлап жүреді, ортаның назарынан қалыс қалмайды. Адамдарға жаны ашығыш, түсінігі мол, көмекке әзір. «Желкесіне мініп алғысы» келетіндерге де «жоқ» демейді. Алайда, шамына тигендерді ашы тілмен аямай шаққанымен қоймай, қарымын қайтармайынша тынышталмайтыны бар. Тағы бір кемшін тұсы – өзіне аса қатты сыни көзбен қарайды. Өткен шақтағы өкініштерін ұмытпай, сақтап, жиі еске алып жүреді. Біреуден көңілі қалса, ара жібін қайта жалғанбастай етіп үзеді. Осының бәріне қарасақ, бір кісіге жетіп-артыларлық кекшілдігі бар.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ