Алдағы мерекеде анаңызға, әпке-жеңгеңізге, сүйкімді қарындастар мен сүйікті жарға қандай гүл сыйламақсыз?
Фото: buketleta.ru
ГҮЛ... КӨКТЕМ... ӘЙЕЛ... Үшеуі – бірін-бірі сипаттап, толықтырып тұратын егіз ұғымдар.
Көктем мезгілінің басталуына санаулы күн қалды. Оның арғы жағында 8 наурыз – Аналар мерекесі мен мұндалайды. Яғни, нәзік жандылардың құшақтары гүлге толып, көздері бал-бұл жанатын шақ та жақын. Биылғы дайындығыңыз қалай, азамат? Анаңызға, әпке-жеңгеңізге, сүйкімді қарындастар мен сүйікті жарға не сыйламақсыз? Қандай тарту ұсынсаңыз да, қасында бір шоқ гүлі болсын. Ал «Қандай гүл?» деген сұраққа жауапты төменнен табасыз.
Тоқты
Бұл белгі аясында дүниеге келген нәзік жандылар әдемілікті әсіре жақсы көреді. Сондықтан, гүлсіз көңілін табу мүмкін емес. Оған салтанаты мен сұлулығы көз қарықтыратын алқызыл және сары раушан гүлдерін сыйлаңыз. Немесе, сүмбіл (гиацинт), анемон, аққанат (калла) гүлдерінен жинақталып, жібек таспалармен безендірілген гүл шоғы көңілін де, сіздің мәртебеңізді де көкке көтереді.
Торпақ
Торпақ-әйелдердің гүлге келгенде талғамы қарапайымдылық пен айқындыққа басымдық береді. Сондықтан, гүлдестенің жылтыр қағазға оралмай, тоқылған кәрзеңкеге салынғаны жақсы. Табиғиға ұқсас заттармен, мәселен, арқан секілді жіппен, ұлу бақалшығымен безендірілсе, тіптен қатып кетеді. Ал, гүлдесте құрамында гортензия, түймедақ, нәркес гүлдерінің болғаны дұрыс.
Егіздер
Бұл белгі аясында туған қыз-келіншектерге раушан, аққанат, орхидея, амариллис гүлдерінен жиналған дестені сыйласаңыз, асқан қуанышпен қабыл алады. Дәл сол сәтте оларды ешқашан солмайтындай, сіздің махаббатыңызды мәңгі есіне салып тұратындай әсерде болады. Бірақ, қам жемеңіз, гүл солып, қоқысқа кетсе де, осы әсер оның жадында ұзаққа дейін сақталады. Тек, гүлдестеде гүлдер ғана емес, безендіргіш жапырақтардың мол болуына да мән беріңіз. Бір ауыз ізгі тілегіңізді тілдей болсын қағазға жазып, қоса ұсынсаңыз, тіптен керемет.
Шаян
Шаян жұлдызы аясында дүниеге келген әйелдер астрология ғылымына жақын әрі сенгіш келеді. Сондықтан, біздің берер кеңесімізді міндетті түрде ескеріңіз. Оның гүлге келгендегі таңдауы көбіне ақ, көк және ашық көк түстерде. Сондай-ақ, әйелдің бейнесіне нәзіктік үстей түсетін алқызыл реңкті гүлдерді де жоғары бағалайды. Бұл – гүл дүкеніне барғанда лала гүліне ерекше назар аударыңыз деген сөз.
Арыстан
Барлық нәрседе алтын мен оттай жанған қызыл түстерге басымдық беретін Арыстан-әйелдерге берілер гүл шоғының безендірілуі айрықша, сырт көрінісі бірден көзге түсерліктей ерекше болуға тиіс. Мәселен, француздық макарун тәттілерінің қорабына салынған шегіргүл (фиалка) шоғын ұсынсаңыз, қателеспейсіз.
Бикеш
Олардың көңіліне көп нәрсе жақпайды, сондықтан, қалауын табу қиын. Бұлыңғыр, көмескі түстерді және атаулы күндерді сән-салтанатпен атап өткенді жаратпайды. Десе де, әйелдер мерекесінде бір бума жарқын, қанық түсті гүлдер шоғын алуға кетәрі болмас. Шын ниетпен беріп тұрғаныңызды білдіру үшін үлкенірек жинақты таңдаңыз. Онда болуға тиіс гүлдер: бақытгүл (хризантема), екі түстен араласқан раушан гүлдері, таушымылдық (пион) болсын.
Таразы
Бұл белгі иелеріне буда-буда қағазсыз, быжырқай безендіргіш заттарсыз, жинақы да қарапайым үлгіде оралған гүл шоғын ұсынған жөн. Таразы-әйел ешкімге білдірмесе де, сыйлыққа іштей таушымылдықтан (пион), сары раушан гүлінен өрілген гүлтәжін алуды армандайды.
Сарышаян
Әрдайым өзінің жұмбақ жаратылысымен таң қалдырып жүретін Сарышаян-әйелдер раушан гүліне деген зор махаббатқа ие. Олар бұл гүлдің барлық түрін, түсін үлкен ризашылықпен қабылдайды. Сондай-ақ, дала гүлдерінен, әсіресе, сүмбіл (гиацинт) және қызғалдақ гүлдерінен жиналған гүлдестені де аса жоғары бағалайды.
Мерген
Бұл белгі аясындағы нәзік жандылар табиғи, жанды нәрселерді жақсы көреді. Сондықтан, жоғары талғаммен жиналған гүл шоғы олар үшін алтыннан қымбат. Мерген-әйелдерге сый таңдауда бас қатыратын нәрсе ондағы гүлдің түрі не сұрпы емес, пішіні болмақ. Яғни, көзінен шынайы қуаныш пен таңданыс, ризашылық белгісін көргіңіз келсе, гүл шоғының пішініне мән беріңіз. Ол сарқырама немесе жүрекше сынды өзгеше үлгілерде болсын.
Тауешкі
Тауешкі-әйелдер декоративті өсімдіктерге бұрыннан әуес, талғампаз келеді. Тіпті, көбісі флористика, гүлмен безендіру ісінің маманы болуы да мүмкін. Сондықтан, оны анау-мынау арзан бумамен алдай алмайсыз. Тауешкіге ұсынылар гүл шоғы әдемі де балғын гүлдермен қоса, қызықтап қарайтын безендіргіш ұсақ-түйектерге де толы болуы қажет. Жалпақ күлтелі, көп қатпарлы үлпілдек пионтәріздес раушан, нарғызгүл (георгин) гүлдерінен құралған шоқ мерекелік көңіл-күйін одан әрі көтереді.
Суқұйғыш
Оларға жағу оңай емес. Әйткенмен, гүл шоғын таңдауда ескеруге тұратын біршама кеңес бере аламыз. Айталық, гүлдестенің көлемінің үлкен болуы Суқұйғыштар үшін маңызды емес. Ең бастысы – бір бумада бірнеше гүл түрінің болуы және олардың бір-бірімен үйлесім тауып, үндесуі. Ірі күлтелі раушан, қызғалдақ, нарғызгүлдермен (георгин) қоса, майда гүлшанақты гүлдер, түрлі безендіруші элементтердің де болуы маңызды.
Балықтар
Балықтар белгісіндегі нәзік жандыға қызғылт-сары, күлгін, жақұт түстес гүлдер ұнайды. Сондай-ақ, сыйланған гүлдің гүлшанағының ірі болғаны дұрыс. Мұндай талаптарға жұлдызгүл (астра), лалагүл, таушымылдық (пион) гүлдері сәйкес келеді.
Аударған: А.Мейірханқызы,
Дереккөз: zhenskoe-mnenie.ru