Дәл қазір қолыңызда қанша сақина бар? Оның әрқайсында бір сыр жатыр.
Өзге адамдар сақиналардан тек сұлулықты көрсе, хироманттар оның көмегімен иесі жайлы біраз сырға қанық болады. Әсіресе, мінез-құлық, жеке бас ерекшеліктері жайлы көп нәрсе айта алады. Мысалы, көзге бірден түсетін көлемді сақинаны ұнататындар көбіне долы, қызуқанды болып келеді екен. Жалпы, саусақта сақинаның болуының өзі иесінің өзіне деген сенімділігінің, белгілі бір шамадағы паңдығының белгісі дейді хироманттар.
Таққан сақинасына қарап кісі жайлы біраз сыр тарқатуға болады. Бүгін тек оның қай саусаққа орналасқанына қарап қана айтылатын ақпараттармен таныссақ.
Бас бармақ
Бас бармақ Марстың саусағы болып саналады. Оған кім көрінген сақина сала бермейді. Тек эмоцияға берілгіш, энергетикасы мықты кісілер ғана тәуекел етеді. Олар қызуқанды, тым бірбеткей, кейде қалай артық сөйлеп, іс-әрекетте де шектен шығып кеткенін аңғармай қалады. Бұл мінезі өзіне де аян, мойындайды. Бас бармаққа сақина тағу – осы мінезін басуға деген интуитивті түрде жасаған әрекеті. Шынында да, бас бармаққа тағылған сақинасы оның ішкі агрессиясын басып, айналадағы адамдармен тіл табысуына, үйлесімде өмір сүруіне көмектеседі екен.
Сұқ саусақ (балаң үйрек)
Оны Юпитер саусағы дейді хироманттар. Кімнің болмасын сұқ саусағынан сақина байқасаңыз, жасқаншақ не ұялшақ, жаратылысынан өзіне сенімсіздеу, өзгенің ырқына оңай еріп кететін, адамдармен тіл табысып, араласып кетуді білмейтін жан деп тани беріңіз. Саусағындағы әшекей оған бойында көшбасшылық қабілеттің оянуына, өзіне сенімділігінің орнауына көмектеседі.
Ортаңғы саусақ (ортаң терек)
Ортаңғы саусаққа Сатурн ықпал етеді. Әдетте, бұл саусаққа бабалардан мұра болып келе жатқан әшекейлерді тағады. Немесе ата-бабасы жайлы көбірек білгісі келетін, оларды мақтан тұтатын, байланысын үзгісі келмейтін ниеттің белгісі. Бұл саусаққа ұзақ уақыт бойы сақина тақса, ол иесін тағдырдың жазуынан, жазмыштан босатады да, еркіндік пен рух сыйлайды.
Аты жоқ саусақ (шылдыр шүмек)
Бұл саусақты хироманттар Күнмен байланыстырады. Төртінші саусағына әшекей таққанды ұнататындар – сұлулық пен сән-салтанатқа ұмтылушылар. Әр нәрседен әсер алғанды, эмоцияға берілгенді, көңіл көтеріп, сүйсініп, рақаттануды жақсы көреді.
Кішкентай саусақ (шынашақ)
Хиромантия ілімі бойынша, шынашақтың жебеушісі – Меркурий. Бұл саусағына сақина салған жан – шиеленіскен шытырман оқиғаларды жаны сүйетін, жан-жақты жетілген, ұшқыр ақыл-ой иесі. Қылықты, өзін қатты жақсы көретін, құбылмалы, құмар ойындарға жаны жақындау болып келеді. Бір жақсысы, шынашаққа тағылған әшекей оның мінез-құлқының жағымсыз жақтарын айтарлықтай басады.
Аударған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: