Қазақ отбасына СЕКСОЛОГ КӨМЕГІ керек пе?

0
230

Өзін "секс-коуч" деп жариялағандарға сұраныс көп. Ал сексолог маман қандай жағдайда қажет?


Қазақ отбасына СЕКСОЛОГ КӨМЕГІ керек пе?

Сурет: ЖИ

Қазақ қоғамындағы интим тақырыпты ашық тақылау және маманға жүгіну мәдениеті толық қалыптаспай келеді. Отбасы, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, ер мен әйелдің жақындығы туралы емін-еркін сөйлесу әлі де оңай емес. «Ондай нәрсені сыртқа шығармау керек», «ерлі-зайыптылар өздері шешуі тиіс», «біреуге айту ұят» деген түсініктер шемен боп қатқан. Әсіресе интимдік өмірге қатысты мәселе туындағанда, адамдардың біразы маманға жүгінудің орнына оны жасыруды немесе уақыт өте өзі шешіледі деп күтуді жөн көреді.

Әлемдік озық тәжірибелі елдерде сексуалдық денсаулық адамның жалпы денсаулығы мен отбасылық әл-ауқатының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Сондықтан сексологқа бару – ұяттың немесе отбасыдағы сәтсіздіктің белгісі емес. Керісінше, мәселені уақытында түсініп, сауатты маманнан көмек сұраудың бір жолы.


Әлеуметтік желіден байқайтынымыз, өзін "секс-коуч" деп жариялағандарға сұраныс көп. Әсіресе, әйелдер қауымы қызметін сатып алып, әрнәрсе үйреніп әлек. Ал емдеуші дәрігер санатына жататын сексолог мамандар бізге керек пе? Әлде ғасырлар бойы келе жатқан сыртқа сыр білдірмей, мәселені «жабулы қазан» күйінде қалдыру тәжірибесі дұрыс па?



«Ешкімге айтпау керек» деген түсінік қайдан шыққан?

Қазақы ортада отбасының ішкі мәселесін сыртқа шығармау бұрыннан маңызды құндылықтардың бірі болған. Үлкенді сыйлау, отбасының абыройын сақтау, ерлі-зайыптылар арасындағы мәселені өзара шешу сияқты ұстанымдар ұрпақтан-ұрпаққа өсиет-өнеге арқылы беріліп келеді.

Бұл құндылықтардың өзі жаман емес. Отбасының жеке кеңістігін қорғау, бір-бірінің сырын жария етпеу – маңызды қасиет. Алайда кейде «отбасылық мәселе сыртқа шықпауы керек» деген түсінік адамның кәсіби көмек алуына кедергі болуы мүмкін. Мысалы, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасында ұзақ уақыт бойы түсініспеушілік болса да, олар «ел не дейді?» деп маманға барудан тартынуы ықтимал. Нәтижесінде шешілуі қажет мәселе уақыт өте келе ренішке, эмоционалдық алшақтыққа немесе бітпейтін жанжалға айналады.


Сексологқа бару – отбасыда проблема бар деген сөз емес

Кей адамдар сексологқа тек интимдік өмірінде айтулы мәселе бар адамдар барады деп ойлайды. Шын мәнінде, маманға жүгіну себептері әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, ерлі-зайыптылар:

  • бір-бірімен интимдік тақырыптарды қалай дұрыс талқылауды;
  • қарым-қатынастағы түсініспеушілікті қалай азайтуды;
  • жақындыққа байланысты мазасыздықты қалай жеңуге болатынын;
  • бала дүниеге келгеннен кейін қарым-қатынасты қалай жалғау керегін;
  • бір-бірінің шекарасы мен қажеттілігін қалай түсінуге болатынын білгісі келуі мүмкін.

Яғни маманға тек «мәселе туындағанда» емес, қарым-қатынасты жақсарту үшін де жүгінуге болады.


Қазақ отбасында неге интим тақырыпты айту қиын?

Бұл жерде бірнеше фактор бар. Біріншісі – ұяңдық. Қазақы тәрбиеде интим тақырыптар көп жағдайда ашық талқыланбайды. Әсіресе ата-ана мен бала арасында мұндай әңгімелерді бастау қиын.

Екіншісі – ұрпақтар арасындағы түсінік айырмашылығы. Бұрынғы буын үшін жабық болған көптеген тақырып қазіргі жастар арасында ашық талқылана бастады. Бұл кейде үлкендер мен жастардың арасында түсініспеушілік туғызады.

Үшіншісі – «бәрін өзі білуі керек» деген түсінік. Кей адамдар отбасылық өмірге қатысты қиындықтардың бәрін адам өзі шешуі тиіс деп есептейді.

Төртіншісі – қоғамдық пікірден қорқу. «Біреу біліп қойса ше?», «Таныстар не ойлайды?», «Жұбайым туралы жаман пікір қалыптаспай ма?» деген алаңдаушылық маманға баруға кедергі болуы мүмкін.


Ер адам үшін сексологқа бару әлсіздік белгісі ме?

Қоғамда ер адамның денсаулығы мен интимдік мәселелерін айтуына қатысты да стереотиптер бар. «Ер адам бәріне шыдауы керек», «мұндай мәселені өзі шешуі тиіс» деген көзқарас кейбір ерлердің көмек сұрауын қиындатады. Бірақ денсаулыққа қатысты кез келген мәселе сияқты, интимдік денсаулыққа қатысты қиындықты да маманмен талқылау әлсіздік емес. Керісінше, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және мәселені ушықтырмай тұрып көмек сұрау – саналы әрекет.


Әйелдер үнсіз қалмауы керек

Біздің қоғамда әйелдердің өз сезімі мен қажеттілігі туралы ашық айтуы оңай емес. «Әйлдің қырық жаны бар», «әйел адам шыдамды болуы керек», «отбасы үшін төзу керек», «күйеудің разылығын алуы керек» деген сияқты түсініктер әйелдің өз мәселесін екінші орынға қоюына себеп болады.

Алайда отбасыдағы сыйластық бір адамның үнемі үндемей, екіншісінің талабына бейімделуімен өлшенбейді. Салауатты қарым-қатынастың негізінде екі адамның да келісімі, өзара құрметі, қауіпсіздігі және ашық сөйлесе алуы жатыр.


Маманға барғанда не болады?

Кей адамдардың сексологқа барудан қорқуының бір себебі – қабылдауда не болатынын білмеуі. Кәсіби кеңес беру әдетте әңгімелесуден басталады. Маман адамның немесе ерлі-зайыптылардың мәселесін тыңдап, қажетті ақпаратты нақтылайды. Кей жағдайда денсаулық жағдайына байланысты дәрігерлік тексеру қажет болуы мүмкін. Пациентке қысым жасалмауы керек. Кез келген кәсіби консультацияда адамның жеке шекарасы мен құпиялылығы сақталуы тиіс.


Сексологқа қандай мәселелермен жүгінуге болады?

Сексологқа сексуалдық өмірге қатысты кез келген мәселе бойынша жүгінуге болады. Мамандар көмектесетін сұраныстарды шартты түрде үш түрге бөлуге болады.

Жеке мәселелер

Бұл адамның жеке өміріне, өзін және өзінің сексуалдылығын түсінуіне, сексуалдық денсаулығы мен қалауларын қабылдауына қатысты сұрақтар.

Сексологқа жүгінудің жиі кездесетін себептері:

  • либидоның төмендеуі;
  • сексуалдық дисфункция: қозуға байланысты бұзылыстар, оргазмға жетудегі қиындықтар, жыныстық қатынас кезіндегі ауырсыну;
  • өзінің сексуалдық қиялдарын түсінбеу немесе қабылдай алмау;
  • өзінің сексуалдылығын түсінудегі қиындықтар. Мысалы, адам айына бір рет жыныстық қатынасқа түсуді қалау қалыпты ма деген сұраққа жауап іздеуі мүмкін;
  • сексуалдық қалауларын қалыпты жағдай тұрғысынан түсінуге ұмтылу. Мысалы, ер адам өзінің жыныстық қатынастағы белгілі бір рөлді қалау-қаламауы қалыпты ма деген сұрақпен маманға жүгінуі мүмкін.


Жұптық мәселелер

Жұптың сексуалдық өміріне қатысты сұрақтарға мыналар жатады:

  • Қарым-қатынастағы қиындықтар. Мысалы, ерлі-зайыптыларға жыныстық өмір туралы ашық сөйлесу қиын немесе ыңғайсыз болуы мүмкін.
  • Қажеттіліктердің сәйкес келмеуі. Мысалы, бір серіктес аптасына үш рет жақындықты қаласа, екіншісі айына бір рет жеткілікті деп санауы мүмкін.
  • Сексуалдық қиялдардың сәйкес келмеуі. Мысалы, бір адамның қалауы екіншісіне қолайсыз немесе қабылдауға қиын болуы мүмкін.
  • Қарым-қатынастағы сексуалдық дисфункция.


Жеке әрі жұптық мәселелер

Кейбір адамның жеке мәселесі жұптың сексуалдық өміріне де әсер етіп, ортақ мәселеге айналуы мүмкін. Мысалы, серіктестердің бірінде либидо төмендеп, бұл жағдай екіншісін алаңдатуы ықтимал. Мұндай жағдайда жұптық терапия екі адамға да не болып жатқанын түсінуге, жағдайға дұрыс көзқарас қалыптастыруға және оған бейімделу жолдарын іздеуге көмектеседі. Ал жеке терапия адамның өз мәселесін тереңірек түсінуіне және онымен қалай жұмыс істеуге болатынын анықтауына мүмкіндік береді.


Қандай мәселелермен сексологты мазалаудың қажеті жоқ?

Сексолог клиенттегі сексуалдық дисфункцияның себептерін анықтауға көмектеседі. Бұл себептерді шартты түрде екі негізгі топқа бөлуге болады.


Психологиялық және әлеуметтік себептер

Бұл жағдайда адамның сексуалдық денсаулығына жеке көзқарастары, психологиялық ерекшеліктері немесе қоғамдағы қалыптасқан түсініктер әсер етуі мүмкін.


Физиологиялық және биологиялық себептер

Мұнда гормондар немесе ағзадағы басқа да ішкі факторлар әсер етеді. Мысалы, депрессиялық бұзылыстар либидоның төмендеуіне себеп болуы мүмкін.

Психологиялық және әлеуметтік себептермен сексолог жұмыс істейді. Ал мәселенің физиологиялық себебі болуы мүмкін болса, ол клиентті эндокринологқа, гинекологқа, психиатрға немесе басқа тиісті дәрігерге бағыттауы мүмкін. Кей жағдайда сексолог осы мамандармен бірлесе жұмыс істейді. Сондықтан сексуалдық денсаулыққа қатысты мәселенің нақты себебін өз бетінше анықтауға тырыспай, білікті маманнан кеңес алған дұрыс.

Отбасы құндылықтарын сақтау мен заманауи медициналық-психологиялық көмекті пайдалану бір-біріне қайшы емес. Үлкенді сыйлау, отбасының бірлігін сақтау, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығы сияқты дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, қажет кезде дәрігерге, психологқа немесе сексологқа жүгінуге болады. Өйткені маманға бару отбасының құпиясын бүкіл қоғамға жариялау деген сөз емес. Бұл – кәсіби құпия сақталатын жеке консультация.

Қоғамдық пікірдің әсері күшті болғанымен, адамның денсаулығы мен отбасылық бақыты басқа адамдардың пікірінен маңыздырақ. Егер ерлі-зайыптылар бір мәселені өздері шеше алмай жүрсе, оны бірнеше жыл бойы жасырудың орнына кәсіби кеңес алу тиімді болуы мүмкін. Маманға бару міндетті түрде ажырасудың немесе отбасыда күрделі мәселенің белгісі емес. Кейде керісінше, уақытында алынған кеңес қарым-қатынасты түсінуге, бір-бірін тыңдауға және мәселені ушықтырмай шешуге көмектеседі.

Сексологқа бару – ұят емес. Бұл адамның немесе ерлі-зайыптылардың өз денсаулығына, қарым-қатынасына және отбасының болашағына жауапкершілікпен қарауының бір көрінісі.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

20, 30, 40 ЖАСТАҒЫ ЛИБИДО: Әйелдің сексуалдылығы жасына қарай қалай өзгереді?

«ӨЗ АДАМЫҢды» ИІСінен тану мүмкін бе?