​«ӨЗ АДАМЫҢды» ИІСінен тану мүмкін бе?

0
1 560

Дене иісі – табиғи феромон


​«ӨЗ АДАМЫҢды» ИІСінен тану мүмкін бе?

Сурет: ЖИ

Кейде адамды бір көргеннен ұнатамыз. Ал кейде оның сырт келбеті де, сөзі де көңілге қонбайды. Бірақ қасына жақындағанда бір түсініксіз сезім пайда болады.

Адам әдепті, білімді, көңілді болуы мүмкін. Сырт көзге де тартымды. Бірақ онымен жақындасқың келмейді. Ал басқа біреудің қасында өзіңді еш себепсіз еркін сезінесің.

Мұндай жағдайлардың бір себебі – иіс сезу қабілетіміз болуы мүмкін.

Иіс сезу – санамызға байқатпай әсер ететін ерекше сезім. Ол адамның көңіл күйіне, естеліктеріне, қауіпсіздік сезіміне және біреуге деген алғашқы симпатиясына ықпал етеді. Сондықтан кейде «Адам сүйер қылығы жоқ, неге жақсы көретінімді түсінбеймін» деген сұрақтың жауабы мұрынның түбінде жатуы әбден мүмкін.


«Оның иісі ұнайды» дегеннің астарында не бар?

Біреудің иісі туралы айтқанда, біз көбіне оның әтірі туралы ойлап кетеміз. Бірақ мамандардың меңзейтІні – парфюм емес, табиғи дене иісі.

Әр адамның табиғи иісі ерекше. Оған тер мен терідегі май бездерінің бөлінділері, терідегі микроағзалар, зат алмасу, гормондық өзгерістер, тамақтану және қоршаған орта әсер етеді.

Адам ағзасы шамамен 2000 түрлі ұшпа органикалық қосылыс бөледі. Солардың негізінде өзіне ғана тән ерекше иісі қалыптасады. Сондықтан адамды иісінен тану немесе жақын адамды табиғи иісі арқылы ажырату туралы түсініктің жаны бар. Мысалы, сәбилер анасын оның табиғи иісі арқылы тани алады.

Сол себепті бір адамның иісі сізге өте жағымды көрінуі мүмкін, ал екіншісінің иісі еш себепсіз-ақ ұнамауы ықтимал.

Ең қызығы – біз бұл таңдауды көбіне саналы түрде жасамаймыз. Мысалы, «Оның иісі маған ұнайды, өйткені оның терісінде мынадай химиялық қосылыстар бар» деп ешкім ойламайды. Ми ақпаратты әлдеқайда жылдам өңдейді де, бізде жай ғана «жақсы сезім» немесе «маған ұнамайды» деген реакция пайда болады.


Неліктен біреудің иісі бізді тыныштандырады?

Иіс пен эмоцияның арасында ерекше байланыс бар. Таныс иіс кейде бізге бірден қауіпсіздік сезімін береді. Мысалы, бала кезіміздегі үйдің иісі, әжеміздің киімі, жаңа піскен нанның немесе белгілі бір адамның иісі жылдар өткен соң да көңілге жылы әсер етуі мүмкін. Себебі иіс сезу жүйесі мидағы эмоция мен есте сақтау процестеріне қатысатын аймақтармен тығыз байланысты. Сондықтан сүйікті адамыңыздың табиғи иісі сізге жай ғана жағымды болып көрінбеуі мүмкін. Ол сіздің миыңызда жылулық, жақындық, тыныштық және бақыт сезімімен байланысып қалуы ықтимал.

Сол себепті кей жандар сүйікті адамының киімінің иісін ерекше жақсы көреді. Тіпті оның әтірі емес, өзіне ғана тән табиғи иісі ұнайды.


Иісі ұнаған жан – генетикалық үйлесімі бар жан

Бұл тақырыпта қызықты ғылыми болжамдар бар. Зерттеулерде адамның иммундық жүйесіне қатысы бар кейбір гендердің ерекшеліктері табиғи дене иісін қабылдауға әсер етуі мүмкін екені зерттелген. Атап айтқанда, MHC деп аталатын гендер тобы ғалымдардың назарында.

Кейбір зерттеулер генетикалық ерекшеліктері өзгеше адамдардың табиғи иісін тартымдырақ деп қабылдауы мүмкін екенін көрсеткен.

Бірақ бұл жерде бір маңызды нәрсе бар: Иіс – «Дәл осы жан – менің адамым» деген қорытынды шығаруға жол ашатын биологиялық тест емес.

Адамдар арасындағы тартылысқа мінез, тәрбие, ортақ құндылықтар, бір-бірін түсіну, сыртқы келбет, қарым-қатынас мәдениеті және эмоционалдық жақындық сияқты ондаған фактор әсер етеді.

Сондықтан біреудің иісі ұнағаны – қызықты белгі. Бірақ болашақ қарым-қатынастың кепілі емес.


Дене иісі – табиғи феромон

«Феромоны бар әтір ер (әйел) адамдарды бірден тартады» деген жарнамаға сеніп, кез келген «феромон» сөзіне қатысы бар иіссуды сеуіп алатындар табылады.

Феромондар – жануарлар арасында белгілі бір мінез-құлыққа әсер ететін химиялық сигналдар. Жәндіктерде олардың рөлі жақсы зерттелген. Ал адамдарға келгенде жағдай әлдеқайда күрделі.

Ғалымдар адамда жануарлардағыдай бәріне бірдей әсер ететін нақты «махаббат феромоны» бар екенін әзірге дәлелдеген жоқ. Кейбір химиялық заттардың адамның көңіл күйіне, әлеуметтік қабылдауына немесе мінез-құлқына ықпалы зерттеліп жатыр. Бірақ олардың нақты адам феромоны екені туралы ғылыми ортада ортақ пікір жоқ.

Сондықтан «Осы әтірді сепсеңіз, кез келген ер (әйл) адам сізге ғашық болады» деген уәделерге сене берудің қажеті жоқ. Ең дұрысы – өзіңізге ұнайтын хош иісті таңдау. Егер ол сізге сенімділік берсе, көңіл күйіңізді көтерсе, бұл тартымдылыққа жанама түрде әсер етуі мүмкін.

Адам өзін еркін әрі сенімді сезінген кезде оның табиғи дене иісі де өзгеше сезілуі мүмкін. Жыныстық тартымдылық та адамның осы ішкі жай-күйімен тығыз байланысты. Сондықтан өз денесін жақсы сезіну, тыныс алуға көңіл бөлу және денедегі сезімдерді түсіну адамның табиғи тартымдылығын арттыруға көмектеседі.


Әйелдер ер адамның иісін жақсы сезе ме?

Жалпы зерттеулерде әйелдердің иіс сезу қабілеті кей жағдайда ерлерге қарағанда сезімтал болуы мүмкін екені байқалады. Бірақ «Әйелдің мұрны болашақ жарын таңдап береді» деу – тым асыра айтылған болар еді.

Иісті қабылдау әр адамда әртүрлі. Оған жас, денсаулық, гормондық өзгерістер, генетикалық ерекшеліктер және өмір салты әсер етеді. Сондықтан құрбыңызға өте жағымды көрінген ер адамның иісі сізге мүлде ұнамауы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай.


Бір күні сүйіктіңіздің иісі ұнамай қалса, не болады?

Егер бұрын сүйікті болған адамның табиғи иісі кенеттен сізге жағымсыз болып кетсе, бірден «сезімім суып кетті» деп ойлаудың қажеті жоқ. Адамның дене иісі уақыт өте өзгеруі мүмкін. Бұған тамақтану, стресс, физикалық белсенділік, дәрі-дәрмек, гормондық өзгерістер және денсаулық жағдайы әсер етеді.

Мысалы, кейбір тағамдар адамның тынысы мен дене иісін уақытша өзгертуі мүмкін. Пияз, сарымсақ сияқты өнімдер мұндай әсерімен жақсы таныс. Ал иістің өзгеруі ұзақ уақыт сақталса және басқа да денсаулық белгілері байқалса, дәрігерге қаралған дұрыс.

Яғни сүйіктіңіздің иісі бір күнде сізге ұнамай қалса, бірден қоштасу туралы ойлауға асықпаңыз. Алдымен жағдайды түсініп алған жөн.


Кездесуге барарда нені ескерген дұрыс?

Егер маңызды кездесу күтіп тұрса, иіске қатысты бірнеше қарапайым ережені есте сақтаған абзал.

  • Тазалық кез келген қымбат парфюмнен маңызды.
  • Әтірді шамадан тыс қолданбаңыз. Өте өткір хош иіс кей адамға кері әсер етуі мүмкін.
  • Кездесу алдында не жегеніңізге мән беріңіз. Кейбір тағамдар ауыздан ғана емес, денеден де сезілетін иістің өзгеруіне әсер етеді. Бұл сарымсақ пен пиязға ғана қатысты емес, қырыққабат, брокколи, спаржа, карри сияқты өнімдерден де бас тартқан дұрыс. Тіпті алкогольді сусындардан да уақытша тыйылған жөн. Өйткені бұл тағамдар дененің табиғи иісін өзгертіп, жағымсыз реңк беруі мүмкін. Ал оны сүйікті әтіріңізбен бүркемелеу әрдайым мүмкін емес.
  • Өзіңізге ұнайтын иісті таңдаңыз. Өзіне сенімді әрі жайлы сезінетін адамның тартымдылығы да өзгеше қабылданады.


Иіс арқылы адамның көңіл күйіне әсер етуге бола ма?

Иә, хош иістердің эмоцияға әсер ететіні жақсы таныс құбылыс. Мысалы, жаңа піскен нан, алма бәліші, мандарин, шырша немесе дәмдеуіштердің иісі көптеген адамда жылылық пен жайлылық сезімін оятады. Сондықтан үйде жағымды атмосфера қалыптастырғыңыз келсе, хош иісті шамдар немесе табиғи иістерді пайдалануға болады. Бірақ мұнда да адамның жеке талғамын ескерген жөн. Бір адамға керемет көрінген аромат екінші адамға бас ауруын немесе жайсыздық сезімін тудыруы мүмкін.

Ең маңыздысы – мұрынға ғана сеніп қалмаңыз. Кейде адамның иісі бізге көп нәрсе сездіруі мүмкін. Бірақ қарым-қатынасты тек осы белгіге қарап бағалау дұрыс емес.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ТҮНГІ ТІРЛІККЕ» түстен бастап дайындалмасаңыз, КЕШ қаласыз
ЭСТЕТИКА ҚҰРБАНДАРЫ: Сұр мен қоңырқай тренд бала психикасын бұза ма?
«ӨРМЕКШІ АДАМ: Жаңа күн»: кинотеатрға БАРМАС БҰРЫН білу керек ақпарат