Экрандағы көріністі өмірде қайталауға ұмтылу – қателік
Сурет: ЖИ
Фильм тамашалап отырғанда экрандағы кейіпкерлердің махаббат хикаялары мен интимдік өміріне еріксіз сүйсініп, тамсанып жатамыз. Кинорежиссерлер кадрдың мінсіз, эстетикалық әрі әсерлі шығуы үшін шеберлігін аямайды. Алайда, экраннан көрген әдемі көріністерді шынайы өмірде айна-қатесіз қайталауға ұмтылу – қателік. Өйткені, кинематографиялық фантазия мен шынайы физиология арасында үлкен алшақтық бар.
1. «Жағажайдағы жақындасу – жақсы идея»
Толқыны тулаған теңіз, жанға жайлы құм, күннің көз тарта қызарып батуы, ғашықтардың сезім жетегінде құм үстіне құлауы... Мұның бәрі кинода өте әдемі әрі әсерлі көрінеді. Бірақ өмірде жағажайдағы жақындық соншалықты жағымды емес. Өйткені одан кейін денеге жабысқан құмды тазалау әлекке салады. Ал «қызу әрекет» кезінде дене мүшелерінің қуыс-қуысына кіріп кету ықтималдығын қоссаңыз, жағдай тіптен қиын болатынын ұғасыз. Сондай-ақ құм түйішіктері арасында түрлі жәндіктер мен ұсақ ағзалардың жасырынып жататыны бір бөлек әңгіме.
2. «Бір түнде он рет «оқ ату» – оңай»
Фильм кейіпкерлері әдетте бір ретпен шектелмейді. Бір рет шыңырау шегіне жеткен соң сырласып, қалжыңдасып жатып, аяқ астынан екінші, үшінші... айналымды бастап кете алады. Соған қарап, көрермендер өздерінің жеке өмірі қызықсыз әрі қызусыз деп ойлауы мүмкін. Бірақ шынайы өмірде қатарынан бірнеше рет жақындасу жиі бола бермейді. Ондай қайталаулар құмарлық, қызуқандылық деңгейі өте жоғары жұптарда және қызығы басылмаған жас жұптарда болуы мүмкін. Оның өзінде әр жолы емес, санаулы сәттерде ғана. Айына 10 рет жақындасу шындыққа жанасады. Ал бір түнде бірнеше рет жақындасу – бояма жалғандыққа жақынырақ. Сол себепті кинодағыны қайталау үшін өзіңізді және жұбыңызды артық қинамаған жөн.
3. «Серіктестер шарықтау шегіне бір мезетте жетуі тиіс»
Экранда кейіпкерлер ләззаттың ең жоғарғы сәтін бір уақытта бастан кешіріп, бір-бірінің көзіне қарап, рахатқа батады. Шындығында, шырқау шегіне бір мезетте жету өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан әр жұпты әр жолы бірдей уақытта «босаңсуға» міндеттеу миға сыймайды. Оған мақсатты түрде ұмтылу процестің сәнін кетіруі мүмкін.
4. «Құмарлық – жанартау лавасы секілді, кенеттен пайда болады»
Фильмдерде бәрі бір сәтте басталады: кейіпкерлер бір-біріне қарап, бірден сезімге беріледі. Өмірде жалынның бұлай бірден шарпуы – қиын. Кей-кейде алкогольдан масайғанда ғана болуы мүмкін...
Шынайы өмірде адамға бірден тарпа бас салу махаббат жалыны емес, жабайылық, дөрекілік деп қабылданады. Көп жағдайда серіктесті баппен сылап-сипап, жылы сөздермен жібітіп, нәзіктік пен сабырлылық арқылы сезімін оятқан жақындық сәтті аяқталады.
5. «Нағыз ғашықтар бір-бірі үшін уақыт пен орын таңдамайды»
Кинода кейіпкерлер кез келген маңызды шаруаны кейінге қалдырып, жақындасуға дайын тұрады. Нақты өмірде олай емес: адам шаршауы мүмкін, денсаулығы мүмкіндік бермеуі немесе жай ғана көңіл-күйі болмауы – қалыпты.
6. «Арнайы құрал-бұйымдарды тек жалғызбастылар қолданады»
Кинодағы көріністер бізге «Интимдік бұйымдарды тек төсекқұмарлар қолданады», «Ересектерге арналған «ойыншықтарды» тек жалғыбастылар қолданады» деген түсінік таңады. Кадрда мұндай бұйым көрінсе, бұл кейіпкердің жалғыздығын білдіргендей көрсетіледі. Іс жүзінде, кез келген ерлі-зайыптылар қарым-қатынасты қызықты ете түсу, жандандыру үшін мұндай заттарды пайдаланса, оның еш әбестігі жоқ.
7. «Алғашқы қатынас айрықша әрі мінсіз өтеді»
Кинода жұптар бірінші реттен-ақ бір-бірінің нәзік нүктелерін тап басып, мінсіз үйлесім табады. Ақ жаймадағы алғашқы кездесулері айрықша, мінсіз, ұмытылмастай болып жатады. Ал өмірде жаңа серіктеспен бірінші рет жақындасқанда бір-бірін қалау сезімімен қатар, қобалжу, бір-бірін жақсы білмеу, белгісіздік, түсініспеушілік сияқты сезімдер араласуы әбден мүмкін. Сондықтан бәрінде бірдей «бірінші реті» сәтті бола бермейді. Бұл қалыпты жағдай және кейінгі "кездесулердің" жақсы болуына еш кедергі емес.
Кино – шындықтың айнасы емес, көркемөнердің бір түрі, қиялдың жемісі. Режиссерлердің басты мақсаты – көрерменге әсерлі шоу ұсыну. Кинодағы ойдан шығарылған стандарттарға ұмтылып, өзіңізге және жұбыңызға шектен тыс талап қою сенім мен тыныштыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Шынайы өмірдегі жақындық ешқандай сценарийсіз, әбігерсіз болғаны абзал. Екі адамның бір-біріне деген шынайы сезімі мен түсіністігі маңызды. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың екеуі де қаласа, қарым-қатынасқа жаңа серпін беретін «махаббат бұйымдарын» пайдалану да қалыпты әрекет, тартынбай қолданып көріңіз. Экрандағы бояма фантазияға емес, өз жүрегіңіз бен шынайы сезімдеріңізге сенім артыңыз.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


