​«ТҮНГІ ТІРЛІККЕ» түстен бастап дайындалмасаңыз, КЕШ қаласыз

0
260

Тән жақындығын әрдайым қалап тұрмау немесе құштарлықтың бірден оянбауы – қалыпты жағдай


​«ТҮНГІ ТІРЛІККЕ» түстен бастап дайындалмасаңыз, КЕШ қаласыз

Сурет: ЖИ

Ерлі-зайыптылардың бір-бірін көре сала көздері жайнап, сезім оты лап ете қалуы, бірден құшақтаса кетіп, құшырлана сүйіп, аз уақытта төсектен табылуы – кинода ғана болатын жағдай. Өмірде ондайлар сирек. Күнделікті күйбең, бала-шағаның шуы, қызметтегі қиындықтар, тұрмыстық мәселелер түнгі ләззаты ойлауға мұрша келтірмей тастайды.

Алайда, онсыз өмір де, көңіл де бос. «Жұбайлық қызықты» жандандыру үшін сезімді қытықтап оятып, құштарлықты күл астынан аршып алуға арнайы уақыт бөлу қажет.


Неге құштарлық бірден келмейді?

Көпшілік адамдар біреуді жақсы көрсең болды, жыныстық құмарлық өздігінен пайда болуы керек деп ойлайды. Алайда мамандардың айтуынша, бұл барлық адамда бірдей емес. Кейбіреулерде өздігінен, лезде пайда болса, енді біреулерде эмоциялық жақындық, жылы қарым-қатынас, сөйлесу немесе еркелету барысында біртіндеп қалыптасады. Сондықтан тән жақындығын әрдайым қалап тұрмау немесе құштарлықтың бірден оянбауы – қалыпты жағдай.


Жиі жіберілетін 5 қателік

        • Жұмыстан келе сала бірден жақындықты күту.
        • Телефоннан бас алмау.
        • Көп мөлшерде алкоголь ішу.
        • Шаршағанын немесе көңіл күйінің жоқ екенін айтпау.
        • Міндетті түрде бәрі жоспар бойынша болуы керек деп ойлау.


Жатын бөлмедегі жақындық қызу әрі қызықты болсын десеңіз, қажетті көңіл-күйді орнату маңызды. Ол үшін кешті күтпей, әрекетті күндізден бастаңыз. Әйтпесе, кеш қалып, «Бүгін емес», «шаршап тұрмын», «басым ауырып тұр» деген жауаптан тауыңыз шағылуы әбден мүмкін.


1. Секстингпен айналысу

Секстинг – интимдік фотосуреттер және флирт сипатындағы сөздермен хат-хабар жазысу. Ол қауіпсіз жағдайда жыныстық қатынасқа психологиялық тұрғыдан дайындалуға көмектеседі.

Адам шаршап, мазасы қашып тұрғанда жұбы әй-шәй жоқ интимдік қатынасқа тарта жөнелсе, бұл жүйкені одан ары жұқартады. Секстинг осы жағдайды жұмсартады. Күндізден басталған хабарламалар ой мен қиялды дұрыс арнаға бағыттап, дайындалуға, кешкі іске жұмсақ кірісуге мүмкіндік береді.


2. Флирт жасау

Жанарлар түйіскенде жымию, қол ұстасып отыру немесе бір-біріне әзіл аралас комплимент айту – ыстық-суығы басылмаған жас жұбайларға ғана тән болмауы керек. Осындай сезімге толы сәттерді көбейту әр жанұяның мүддесіне айналғаны абзал.


3. «Ыстық» видеолар көру

Бұл міндетті түрде порно болуы шарт емес. Төсек үстіндегі тірліктерді тұспалдайтын, сол сәттегі сезімдерге ынталандыратын «ыстық» көріністері мен үні бар бейнелер жеткілікті. Бұл үшін ашық көрініспен емес, көркемдік шешімдермен жеткізетін фильм, сериал үзіндісі, клип көру әлдеқайда қолайлы.


4. Жарқын, эротикалық дүниелер оқу немесе тыңдау

Кинодан айырмашылығы, кітаптар мен аудиоэротика барлығын егжей-тегжейлі көрсетпейді, сондықтан оқырман немесе тыңдаушы қиялдай алады. Мысалы, кейіпкерлердің орнына кез келген сырт келбеттегі, кез келген жастағы және кез келген дене пішініндегі адамдарды елестете алады. Бұл видео көруден де әлдеқайда әсерлі болуы мүмкін.


5. Көңілді видео немесе шоу көру

Күлкі стресс деңгейін төмендетеді және кернеуді басады. Оның үстіне, бірге күлу де адамдарды жақындастырады.


6. Билеу

Кез келген дене белсенділігі стресс деңгейін төмендетеді және қуаныш гормоны – эндорфин деңгейін арттырады. Мұнымен қоса, ол нақты интимдік еркелету, сипаласуға оңай ұласуы мүмкін.


7. Жылы ванна немесе душ қабылдау

Су процедуралары – ағзадағы физикалық кернеуді басудың ең жылдам жолы. Жылы су бұлшықеттерді босаңсытып, қан айналымын жақсартады. Ваннаға хош иісті тұздар немесе эфир майларын (лаванда, иланг-иланг) қосу жүйкені тыныштандырып, денедегі стресс гормоны кортизолды төмендетеді. Осылайша жұбайлық жақындыққа қолайлы көңіл-күй орнатады.


8. Жұптық массаж

Серіктестердің бір-біріне массаж жасауы – физикалық байланыс орнатудың таптырмас жолы. Мойын, иық, арқа немесе табан массажы бұлшықеттегі түйіндерді жазады. Денелердің жанасуы ағзада окситоцин («сенім мен махаббат гормоны») бөлгізеді. Бұл сексуалдық қозуға көшуді табиғи түрде тездетеді.


9. Жеңіл сусындар мен ароматерапия

Шаршау мен психологиялық кедергілерді жою үшін жалбыз немесе түймедақ шайын ішкен жөн. Аромалампа немесе диффузор арқылы бөлмеге жағымды иіс тарату (афродизиак есебіндегі ваниль, сандал ағашы) да тиімді. Бөлмені желдету, жарықты жұмсарту, таза төсек жаймасын пайдалану, жағымды музыка қосу сияқты қарапайым өзгерістер де адамның психологиялық жайлылығына әсер етеді.


10. Ашық сөйлесу

Сөйлесу – психологиялық кедергіні жоюдың ең басты әдісі. Жұбыңызға «Бүгін қатты шаршап тұрмын. Ештеңеге ықыласым болмай тұр. Жай ғана құшақтасып жатайықшы, ары қарай не болатынын көрерміз» деп ашық айтудың еш әбестігі жоқ. Міндетті түрде «соңы жақындықпен аяқталуы керек» деген психологиялық жүктемені (қысымды) алып тастағанда, адам өзін еркін сезініп, керісінше табиғи түрде қоза бастайды.


11. Телефоннан алыстап, жұбыңызға жақындау

Жатар алдында телефон қарау, хаттарға жауап беру миды белсенді күйде ұстайды. Егер жақындыққа уақыт бөлгіңіз келсе, телефонды шетке қойып, бар назарды жаныңыздағы адамға аударған дұрыс.


12. Құшақтасудың өзі пайдалы

Жыныстық қатынасқа ғана емес, жан жақындығына назар аудару. Екіншісі орын алмаса, біріншісі қанша жерден керемет болса да, шынайы ләззат, тоят сыйлай алмайды.

Жай ғана құшақтасу немесе қол ұстасып отырудың өзі окситоцин бөлінуін арттырады. Бұл сенім мен эмоциялық жақындықты күшейтеді және екі адамның өзін қауіпсіз, жайлы сезінуіне көмектеседі.


Ең басты қағида – өзара түсіністік

Жұбайлық жақындық екі адамның да ерікті келісімімен және жайлы сезінген жағдайда ғана жағымды болады. Егер біріңіз дайын болмасаңыз, оны ашық айту қалыпты нәрсе. Өзара құрмет пен сенім кез келген жақын қарым-қатынастың негізі саналады.

Егер жыныстық құмарлықтың төмендеуі бірнеше ай бойы сақталса, күнделікті өмірге немесе қарым-қатынасқа әсер етсе, оның себебі тек стресс болмауы мүмкін. Кей жағдайда гормондық өзгерістер, кейбір дәрі-дәрмектердің әсері немесе созылмалы аурулар да ықпал етеді. Мұндай жағдайда дәрігермен кеңескен дұрыс.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ҰЯТСЫЗ түстер» жиі МАЗАЛАЙ ма? Себебі мен сыры мынада...

Еркектің «МОТОРЫ» ерте өшсе... ҮШ себебі және ТӨРТ емі