"2,5 метр биіктікке лақтырған": АҚШ паркінде бизон саяхатшыға шабуыл жасады

0
65

​Жайсыз оқиға парк аумағындағы Bridge Bay кемпингінде тіркелген.


фото: бейнежазбадан

ERNUR.KZ. Ер адамның немересімен бірге серуендеп жүріп ашулы бизонның шабуылына ұшырағаны бейнежазбаға таспаланып қалған, деп жазады inbusiness.kz.

Куәгерлердің сөзінше, қария мен немересі жануарды суретке түсіріп тұрған сәтте одан шамамен 100 метрден астам қашықтық сақтаған. Оқиғаны бейнекамераға түсіріп алған фотограф Майк Маклеод бизон бұған дейін де бірнеше балаға және жүк көлігіне қарай тап бергенін айтады.

Кейін жануар ер адамды ағаштардың арасымен қуып, сол жақ мүйізімен жамбас тұсынан іліп алып, шамамен 2,5 метр биіктікке дейін аспанға лақтырып жіберген. Абырой болғанда, немересі зардап шеккен жоқ.

Оқиға куәгерлері, соның ішінде Майк Маклеод та бизонның назарын басқа жаққа аударуға тырысқан. Осыдан кейін жануар оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккен туристі жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізді.

Дәрігерлер ер адамның жамбас сүйегі мен аяғынан ауыр жарақат алғанын мәлімдеді.

Бұл – биыл Йеллоустоун ұлттық паркінде бизон шабуылынан туристің зардап шеккен екінші жағдайы. Мамандар шағылысу маусымы кезінде аталық бизондар әдеттегіден әлдеқайда агрессивті болып келетінін жасырмайды.