​8,7 магнитуда: Камчатка тарихында ең күшті жер сілкінісі тіркелді

0
111

Камчатка жағалауында және Солтүстік-Курильск қаласында қауіпті, күшті цунами тіркелді.


​8,7 магнитуда: Камчатка тарихында ең күшті жер сілкінісі тіркелді

Фото: Сергей Фадеичев/ ТАСС

ERNUR.KZ. Камчаткада болған жер сілкінісінің магнитудасы әртүрлі бағалар бойынша 8,7-ге жеткен. Бұл — 1952 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі, деп жазды inform.kz.

— Жаңа ғана 1952 жылдан бері Камчатканың сейсмофокалдық аймағында ең күшті жер сілкінісі тіркелді. Магнитудасы әртүрлі бағалар бойынша 8,7-ге жетіп отыр. Бұл, сөзсіз, аса маңызды оқиға, — деп хабарлады Ресей Ғылым академиясының Біріккен геофизикалық қызметінің Камчаткадағы бөлімшесі Telegram-арнасында.

Жер сілкінісінің ошағы 2025 жылғы 20 шілде мен 2024 жылғы 17 тамызда болған жер сілкіністерінің ошақтарымен оңтүстік-батыстан шектесіп жатыр. Жер жарығы терең теңіз жырасы бойымен оңтүстік-батыс бағытта кем дегенде 200 шақырымға дейін тараған.
Ғалымдар бұл сейсмикалық оқиғаны классикалық субдукциялық (литосфералық плиталардың бір-бірінің астына кіруі нәтижесінде болатын) жер сілкінісі деп бағалап отыр және одан күтпеген салдар болмайды деп болжауда. Алдын ала бағалау бойынша, Петропавловск-Камчатский қаласында жер сілкінісінің күші кемінде 6 баллға жеткен.
Камчатка жағалауында және Солтүстік-Курильск қаласында қауіпті, күшті цунами тіркелді.
Күшті жер асты дүмпуі Камчаткада жергілікті уақытпен сағат 11:26–да (Мәскеу уақытымен 02:26) болды.
Аймақ басшысының шешімімен Петропавловск-Камчатский қаласында жұмыс күні қысқартылды. № 1 қалалық балалар емханасының ғимаратына зақым келгендіктен оның жұмысы уақытша тоқтатылды.
Қалада көлік кептелістері, жанармай құю бекеттеріндегі ұзын кезектер, электр жарығы мен мобильді интернеттің үзілуі байқалды. Көптеген тұрғындар көшеге жүгіріп шыққан.
Камчаткадағы таңғы күшті жер сілкінісінен кейін бірнеше адам медициналық мекемелерге жүгінген.
Камчатка өлкесінің денсаулық сақтау министрі Олег Мельниковтың айтуынша, барлық зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық.