Делегация құрамында кімдер болатыны әзір белгісіз.
Фото: Артём Геодакян, ТАСС / kremlin.ru
ERNUR.KZ. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ делегациясының келесі аптада Мәскеуге келетінін айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Келесі аптада америкалық делегация Мәскеуге келуі тиіс", – деді Путин Бішкекте журналистердің сауалына берген жауабында.
Ресей басшысы делегацияның келесі аптаның бірінші жартысында келетінін нақтылады. Оның айтуынша, Вашингтоннан кімдер келетіні әзірге белгісіз. Путин делегация құрамын АҚШ президенті Дональд Трамп белгілейтінін атап өтті.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков келесі аптада Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге сапары алдын ала келісілгенін хабарлады. Оның сөзінше, Уиткоффпен бірге Украина мәселесіне қатысы бар әкімшіліктің тағы бірнеше адамы келеді.
ТАСС агентігінің жазуынша, Ресей басшысы Мәскеу мен Киевтің арнайы қызмет өкілдерінің Абу-Дабидегі кездесуіне АҚШ әкімшілігі өкілінің келетінін күтпеген.
"Бұл күтпеген жайт болды. Бірақ та, біз ешқашан байланыстан бас тартпаймыз", – деп атап өтті Владимир Путин.


