Шектеу 2026 жылғы 21 қаңтардан бері қолданылып келген.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. АҚШ федералдық соты Дональд Трамп әкімшілігінің 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтата тұру туралы шешімінің күшін жойды. Бұл тізімде Қазақстан да болған, деп жазады baq.kz.
Reutersтаратқан мәліметке сәйкес, шешімді Манхэттендегі федералдық судья Джанетт Варгас шығарды. Ол Мемлекеттік департаменттің саясатын «анық заңсыз» деп танып, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио заңмен берілген өкілеттігін асыра пайдаланды деген қорытындыға келді.
Шектеулер 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап күшінде болды. Сол кезде Мемлекеттік департамент АҚШ-қа көшкеннен кейін әлеуметтік жәрдемақы алу қаупі жоғары деп бағаланған 75 мемлекеттің азаматтарына иммиграциялық виза беруді толығымен тоқтатқан еді. Қазақстан да ресми түрде осы тізімге енгізілді.
Шектеу Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Молдова азаматтарына да қатысты болды. Жалпы шешім Еуропа, Азия, Африка, Таяу Шығыс, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерін қамтыды.
“ Өтініш берушінің азаматтығына қарай иммиграциялық виза беруге үзілді-кесілді тыйым салатын саясат заңда белгіленген жүйеге тікелей қайшы келеді “, – делінген сот шешімінде.
Қазақстандықтар үшін бұл шешімнің маңызы – әңгіме АҚШ-қа тұрақты тұру үшін көшуге мүмкіндік беретін иммиграциялық визалар туралы болып отыр. Қаңтарда енгізілген шектеу кәдімгі туристік визаларға қолданылған жоқ.
Мемлекеттік департаменттің саясатына қарсы талапты құқық қорғау ұйымдары, иммиграциялық виза алуға өтініш берген азаматтар және туыстарының АҚШ-қа қоныс аударуына демеушілік жасаған америкалықтар берген.
2026 жылы АҚШ-тың визалық саясаты айтарлықтай қатаңдады. Дегенмен сот күшін жойған 75 елге қатысты шешімді Трамп әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік мақсатында бірқатар мемлекет азаматтарына енгізген өзге кіру және визалық шектеулерімен шатастырмау керек.


