Он жасар Мискиге 30 мәрте айыппұл салынып, ақыры түрмеге тоғытылады да, одан соң көп ұзамай өлім жазасы кесілген.
ERNUR.KZ. Вашингтон штатындағы Белвью қаласының тұрғыны өзінің Миски атты мысығына адвокат жалдауына тура келді деп жазады Sputnik.kz.
Сөйтсе Миски көршілердің үйіне баса-көктеп кіріп, ондағы үй жануарлардың ту-талақайын шығаратын жаман әдеті бар-мыс. Осы бұзықтығы үшін он жасар мысыққа 30 мәрте айыппұл да салыныпты. Тіпті оны бірнеше айға темірдің тордың арғы жағына да аттандырған. Бірақ бұдан мысықтың түзелер түрі болмапты. Ақыры жануарларды бақылау жөніндегі қалалық қызмет бұл мысықтың көзін құрту туралы үкім шығарған.
Мысықтың қожайыны Анна Даниели өз үй жануарының еш кінәсі жоқтығына сенімді, сондықтан оны аман алып қалу үшін адвокат жалдаған.
Бұл істі қолға алған адвокат Джон Циммерманның пікірінше, мысық қожайынының бар айыбы - жануарларды бақылау жөніндегі қалалық қызметте істейтін адамның көршісі болуы. Сол адам басқа көршілерін де мысыққа шағымдануға үгіттеген көрінеді. Осылайша бұрқ ете түскен дау қала жұртшылығының назарына ілініп, барлығы өлімге кесілген байғұс мысықтың тағдырына алаңдаған. Сондықтан бұл істі тергеуге 4 прокурор жұмылдырылған.
Джон Циммерман мұны салық төлеушілердің ақшасын желге шашу деп бағалады. Ең соңында өлім жазасының күші жойылып, Миски бостандыққа шыққан. Қожайыны оның түрмеде болған кездегі шығынын жергілікті билікке төлеп беріпті.
Енді Аннаның отбасы басын қатырып, өзіне моральдық-қаржылық шығын әкелген жануарларды бақылау жөніндегі қалалық қызметті сотқа бермек.