Әлемде коронавирустың «қолы жетпеген» төрт мемлекет бар

0
808

Қарашаның басына дейін коронавирусы жоқ деп танылған елдер саны бесеу еді.


Әлемде коронавирустың «қолы жетпеген» төрт мемлекет бар

ERNUR.KZ. ДДСҰ коронавирустың жылдам таралуына байланысты әлемде пандемия жариялағалы екі жылдай уақыт өтті. Осы аралықта COVID-19 вирусын Жер шарында 246 миллионнан астам адам жұқтырып, 5 миллионға жуығы жан тапсырды. Жұқпалы ауру әлем экономикасына едәуір залал келтіріп, миллиардтаған адамның өмірін қиындатты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Осы уақытқа дейін коронавирус ресми түрде тіркелмеген елдердің бірі Тонга еді. Алайда, қарашаның басында Жаңа Зеландиядан осы елген келген адамнан КВИ табылды. Сол себептен ресми түрде коронавирус тіркелмеген мемлекеттер саны бесеуден төртке қысқарды. Әзірге тізімде Тувалу мен Науру аралдары, сонымен қатар әлемнің ең жабық елдері саналатын Солтүстік Корея мен Түркіменстан бар.

Тувалу көлемі мен халқының саны бойынша Наурумен шамалас шағын арал. Аустралия мен Гавай аралдарының ортасында орналасқан шалғай мемлекетке баратын туристер саны өте аз. Соның нәтижесінде, Тувалу коронавирустан аман елдердің қатарында.

Алайда, ковидке қарсы қатаң шектеулер Тувалудың үкімет басшысына Глазго қаласында өткен БҰҰ-ның климат мәселелері бойынша өткен COP26 конференциясына қатысуға мүмкіндік бермеді. Ондай шешімді Ұлыбритания билігі қабылдаған болатын.

Тувалу үшін коронавирустан да зор қауіп бар: ол көтеріліп жатқан мұхит деңгейі. Климаттың өзгеруінен су деңгейі биіктей берсе, бұл мемлекет су астында қалуы мүмкін деген болжам бар.

Ал, бастапқы кезеңде коронавирустың ошағына айналған Қытайдың Хубэй қаласымен шекаралас болғанына қарамастан, Солтүстік Корея ковидті жұқтыру жайлы хабар ешқашан таратқан емес. 25 миллионнан астам халқы бар ел соны пайдаланып, кейінгі жылдары туризмді дамытуға ден қойған еді. Алайда, ресми Пхеньян әлемге ядролық қаруымен және геосаяси шиеленістерімен танымал. Атомдық арсенал мен батыспен тайталастар оның халықаралық қауымдастықтың көп бөлігінен оқшаулануына әкелді.

Ким Чен Ынның бұйрығымен елі коронавирусқа жауап ретінде әлемде бірінші болып өз шекарасын жапты. Алайда, халықаралық сарапшылар Солтүстік Кореяда коронавирус тіркелмеді деген хабарға күмән келтіруде. Мемлекет ақпараттық оқшауланғандықтан бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеру қиын.

Науру – көлемі мен халқының саны бойынша әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Аустралияға жақын орналасқан шағын аралда он мыңнан астам адам тұрады. Туында бейнеленген он екі жұлдыз – елдегі дәстүрлі тайпалардың санын білдіреді. Науру билігі мемлекет ішінде коронавирус эпидемиясына жол бермеу үшін сыртпен байланысты мейлінше шектеген.

Орталық Азияда ғана емес, әлемдік аренада қатаң диктатура болып танылған Түркіменстанда азаматтардың әр қадамы, ақпарат алаңы жіті бақыланады. Сондықтан бұл елдегі коронавирустың бар-жоғы туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкін емес.

Диктатор репутациясына ие болған Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын ел билігі Түркіменстандағы «коронавирус жұқтырған азаматтар саны – нөл» деп айтқан болатын. Дегенмен Түркіменстан пандемиямен күресу үшін БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатуға мәжбүр болды. Түркіменстан шекарасы туристер үшін қазір ресми түрде жабық тұр.

Айта кетерлігі, тамыз айында ел астанасынан 500 шақырымда орналасқан Аваза ұлттық туристік аймағында Орталық Азия басшылары және халықаралық ресми тұлғалар бас қосып, консультативтік кездесуін өткізген болатын. Арада бір ай өткенде, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты парад та өтті.