​Amazon 30 мың қызметкерін қысқартады

0
100

Қысқарту шамамен 350 мың адамнан тұратын корпоративтік персоналдың 10 пайызын қамтиды.


​Amazon 30 мың қызметкерін қысқартады

Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

ERNUR.KZ. Әлемдегі ең ірі онлайн-ритейлерлердің бірі Amazon компаниясы шамамен 30 мың корпоративтік қызметкерін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл шешім пандемия кезінде кеңейген штат көлемін оңтайландыру және шығындарды азайту мақсатында қабылданған, деп жазады inform.kz.

Қысқарту шамамен 350 мың адамнан тұратын корпоративтік персоналдың 10 пайызын қамтиды.

Ал компанияның жалпы қызметкерлер саны әлем бойынша 1,55 миллион адамды құрайды. Бұл 2022 жылдың соңынан бергі ең ауқымды қысқарту болмақ, сол кезде Amazon 27 мың жұмыс орнын қысқартқан еді.
Reuters дерегінше, қызметкерлерге қысқарту туралы хабарламалар жақын тәуліктерде электронды пошта арқылы жіберіледі. Бұл шаралар адам ресурстары (HR), операциялық бөлімдер, құрылғылар мен сервистер бағыты және Amazon Web Services (AWS) сияқты бірнеше негізгі бөлімшеге әсер етеді.
Amazon бас директоры Энди Джэсси соңғы екі жылда компания шығындарын азайту және корпоративтік құрылымды жеңілдету жөнінде кешенді бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Ол ұйым ішіндегі бюрократия мен басқару сатыларының тым көптігін атап өткен. Компанияда анонимді кері байланыс жүйесі іске қосылып, оның нәтижесінде 1,5 мыңнан астам өтініш түскен және 450-ден астам бизнес-процесске түзету енгізілген.
Энди Джэсси маусым айында корпоративтік жүйелерде жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кадр санын одан әрі азайтуға алып келетінін мәлімдеген. Әсіресе қайталанатын және рутиндік операцияларды автоматтандыруға болатын салаларда қысқарту ықтималдығы жоғары.
Бұған дейін Amazon компаниясы шамамен 600 мың жаңа қызметкерді жалдау орнына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған болатын.
Layoffs.fyi платформасының дерегінше, 2025 жылдың басынан бері әлемдегі 200-ден астам ІТ-компания шамамен 98 мың қызметкерін қысқартқан. Олардың арасында Microsoft (15 мың адам), Meta (ЖИ бөлімінен 600 адам), Google (қазан айында бұлтты қызметтер бөлімінен 100-ден астам адам), сондай-ақ Salesforce (4 мың адам) және Intel (22 мың адам) бар.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы мен нарықтағы жаңа технологиялық өзгерістер ірі корпорацияларды кадрлық саясатты қайта қарауға итермелеп отыр.