Австралияда алапат өрт неден тұтанды? Басты үш себеп

0
2 384

Мамандар бұл жолғы өрттің десі 1851 жылғыдан бәсең екенін айтады.


Австралияда алапат өрт неден тұтанды? Басты үш себеп

ERNUR.KZ. Орман өрті Австралия үшін қалыпты жағдай. Себебі ол жерде ауа құрғақ әрі ми қайнатар ыстық. Салдарынан жасыл желек кеуіп, тез тұтанғыш келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үстіне, Австралияда эвкалипт ағашы өседі. Жапырағының құрамында эфир майы болғандықтан санаулы секунд ішінде түгі қалмай жанып кетеді. Ал дәні өрттен кейін де өне алатындай қалыпта сақталады екен. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ағаш әдеттегіден өскіш келеді. Қазір Австралияда жаздың бел ортасы. Күн күйіп тұр. Көктем айынан бері жаңбыр аз жауды. Мұның барлығы кезекті рет орман өртіне әкеп соқты.

Кейбіреулер елдегі апатқа экология белсенділерін кінәлайды. Айтуларынша, олар жасыл желекті отауға қарсы болған. Ал орманды күтіп ұстауға келгенде өздері селқостық танытқан. Кәрі, қаусап қалған ағаштарды дер кезінде кеспеген. Австралиялық саясаткерлер осындай уәж айтып отыр.

«Дегенмен, осы жолғы өрттің десі 1851 жылғыдан бәсең», – дейді олар.

Австралияда өрт қолдан қойылып келді. Яғни, мамандардың бақылауымен кеуіп қалған шөптер өртелетін. Биыл билік бұл іске қаражатты қысқартып, санын азайтқан. Бұл жерде де белсенділердің қатысы бар екенін айта кеткен жөн. Олар қолдан жасалған өрт орманды мекен қылатын құстар әлеміне зиянын тигізеді деген желеумен доғаруды талап етті. Мәселен, Виктория штатында ереуілшілер бұл мақсаттарына жетті.