АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы және Ормуз бұғазының жабылуы мұнай бағасын аспандатып жіберді.
Фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Ирандағы соғыс салдарынан мұнай бағасы шамамен 20 пайызға қымбаттап, 2022 жылғы деңгейге дейін көтерілді. Мұнай нарығына Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылып қалуы мүмкін деген қауіп әсер етіп отыр, деп жазады Ulysmedia.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы және Ормуз бұғазының жабылуы мұнай бағасын аспандатып жіберді. 2022 жылдан бері алғаш рет мұнайдың бір баррелі 100 АҚШ долларынан асты.
Reuters агенттігінің жазуынша, 9 наурыз күнгі сауда басталған кезде Еуропадағы эталондық Brent маркалы мұнай фьючерстері шамамен 20 пайызға өсіп, бір баррелі (159 литр) 111,04 долларға дейін қымбаттаған.
Сондай-ақ АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай фьючерстері 16,8 пайызға өсіп, 106,17 долларға жеткен. Бұған дейін оның бағасы 111,24 долларға дейін көтерілген болатын.
Контекст
7 наурызда Израиль алғаш рет Иранның мұнай инфрақұрылымына әуе соққыларын жасады. Шабуыл кезінде Тегеран мен оның маңындағы бес энергетикалық нысан атқыланды.
Бұған қарымта ретінде Ислам революциясы сақшылары корпусы Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай нысандарына шабуыл жасайтынын ескертті.
«Егер мұнайдың бір баррелі 200 доллардан асатын бағаға төзе алсаңыздар, онда бұл ойынды жалғастыра беріңіздер», — деп The Guardian газеті Ислам революциясы сақшылары корпусы өкілінің сөзін жариялады.


