БҰҰ G20 мүшелерін қақтығыстарды тоқтатуға шақырды

0
56

Гутерриштің сөзінше, қазіргі әлем "алаңдаушылық кезеңін" бастан өткеріп жатыр.


БҰҰ G20 мүшелерін қақтығыстарды тоқтатуға шақырды

ERNUR.KZ. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш "Үлкен жиырмалық" (G20) елдерін қақтығыс аймақтарындағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін өз ықпалын пайдалануға үндеді, деп жазады BAQ.KZ.

ERNUR.KZ. Йоханнесбургте өтіп жатқан саммит аясында журналистерге сөйлеген сөзінде ол әлемнің жетекші державалары соғыстардың, климаттық дағдарыстың және экономикалық тұрақсыздықтың салдарынан ауыр жағдайға тап болған мемлекеттерге көмектесу бойынша ерекше жауапкершілік арқалайтынын айтты.

Гутерриштің сөзінше, қазіргі әлем "алаңдаушылық кезеңін" бастан өткеріп жатыр. Қақтығыстар, климаттық хаос, экономикалық белгісіздік, қарыздың көбеюі, теңсіздік және халықаралық көмектің қысқаруы" миллиондаған адам үшін ауыр салдарға әкеліп отыр. Ол сондай-ақ жаһандық әскери шығындардың күрт артуы даму саласына қажетті ресурстарды сарқып жатқанын атап өтті.

Бас хатшының айтуынша, әлемдегі ең ірі экономикалардан тұратын G20 елдері адамдардың азабын жеңілдетіп, тұрақты әрі бейбіт болашаққа жол аша алады.

“ Мен G20 мүшелерін адамдардың өмірін жалмаған, қираулар мен тұрақсыздық тудырып жатқан қақтығыстарды тоқтатуға ықпал етуге шақырамын “, – деді ол.

Гутерриш Суданда, Конгода, Сахель аймағында және басқа да қақтығыс ошақтарында бейбіт шешім керек екенін ерекше атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысы Газада атысты тоқтату шарттарын орындауға, заң бұзушылықтарды тоқтатуға және палестиналық халықтың өзін-өзі анықтау құқығын қамтамасыз ететін, екі мемлекет негізіндегі шешімге бастайтын "саяси жол" қалыптастыруға үндеді.

“ Гаитиден Йеменге, Мьянмадан басқа да елдерге дейін халықаралық құқыққа негізделген бейбіт шешімді таңдауымыз керек “, — деді ол.

Сонымен қатар Антониу Гутерриш Украинада бейбітшілікті БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және Бас Ассамблея резолюцияларына сай орнату қажеттігін тағы да растады.