БҰҰ Қырғызстанды өлім жазасын қайтармауға шақырды

0
121

Қырғызстан өлім жазасын қолдануды 1998 жылы тоқтатқан.


БҰҰ Қырғызстанды өлім жазасын қайтармауға шақырды

23.edubish.kg

ERNUR.KZ. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Қырғызстан билігін өлім жазасын қайтару бағытындағы әрекеттерін дереу тоқтатуға шақырды. Ол мұндай кері қадам халықаралық құқықты өрескел бұзу болатынын ескертті, деп жазады ulysmedia.kz.

Қырғызстан өлім жазасын қолдануды 1998 жылы тоқтатқан. Кейін 2010 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасын ратификациялағаннан кейін заң жүзінде тыйым салды. Аталған келісімге сәйкес, оған қосылған мемлекеттер өлім жазасын жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.

Қыркүйек айының соңында кішкентай қыздың зорланып, өлтірілуінен кейін Қырғызстан билігі Конституцияға өзгерістер енгізуді ұсынды. Онда баланы зорлағаны үшін, сондай-ақ баланы немесе ересек адамды зорлап, өлтіргені үшін өлім жазасын қолдануға және хаттамадан шығуға рұқсат беру ұсынылған. Бұл ұсыныстар алдағы апталарда референдумға шығарылмақ. Егер халық қолдаса, олар парламентке жолданады.

Азаматтық және саяси құқықтар пактінің орындалуын бақылайтын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті бұл пакт пен Екінші факультативтік хаттамада олардан бас тарту тетігі қарастырылмағанын нақтылады. Демек, өлім жазасын жоюға қол қойған мемлекеттер үшін бұл шешім заң тұрғысынан қайтарымсыз. Бұл сондай-ақ мемлекеттердің өлім жазасын қайта енгізуіне тыйым салынатынын білдіреді. Бұдан бөлек, хаттамаға ешқандай ескертусіз қосылған мемлекетке тіпті ең ауыр қылмыстар үшін де өлім жазасын қолдануға рұқсат етілмейді, деп жазады 24.kg.

– Билік өлім жазасын қайтаруға себеп ретінде атап отырған қылмыстар, әрине, жан түршігерлік және олардың бәрі бойынша әділ сот болуы тиіс. Алайда өлім жазасының ауыр қылмыстардың алдын алуда елеулі рөл атқаратынын дәлелдейтін деректер жоқ. Сондықтан мен Қырғызстан билігін өлім жазасын қайтару туралы ұсыныстарынан бас тартып, күш-жігерін заңды тиімді қорғауға, әділ сот төрелігі мен өтемақыға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағыттауға шақырамын. Зорлық-зомбылыққа, соның ішінде сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі жауап – құрбандардың мүдделерін басшылыққа алған және жеткілікті ресурспен қамтамасыз етілген тәсіл болуы тиіс, – деді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк.