​Давос форумының басшысы Эпштейнмен байланысы үшін қызметінен кетті

0
80

Эпштейнге қатысты қылмыстық іс 2019 жылғы 10 тамызда түрме камерасында өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін тоқтатылды.


​Давос форумының басшысы Эпштейнмен байланысы үшін қызметінен кетті

Фото: report.az

ERNUR.KZ. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) бас директоры Бёрге Бренде жыныстық cипаттағы қылмыстары үшін сотталған Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты тергеуден кейін қызметінен кететінін мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Бренде қаңтар айында Швейцарияның Давос таулы курортында өтетін жыл сайынғы кездесумен танымал ДЭФ-ті сегіз жылдан астам уақыт басқарғаннан кейін кетіп барады.

- Көп ойластырғаннан кейін Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті және бас директоры қызметінен кетуге шешім қабылдадым. Менің мұндағы сегіз жарым жылға созылған уақытым өте жемісті болды. Бізге көп серіктестер пайда болды және Давоста жыл сайынғы кездесуімізді сәтті өткіздік, әлемнің түкпір-түкпірінен келген үкімет басшыларымен бұрын-соңды болмаған байланыс орнаттық, - делінген Бренде мәлімдемесінде.
Бренденің отставкасына оның 2018 және 2019 жылдары Эпштейнмен үш рет түскі ас ішкенін мойындағаннан кейін басталған тәуелсіз тергеу себеп болды. Жақында жарияланған құжаттардың ішінен екеуінің арасындағы хат алмасулар мен электрондық хаттар да анықталған.
Бұрын Норвегияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған Бренде 2008 жылы сотталған қаржыгердің қылмыстары туралы білмегенін айтты.
The Guardian хабарлауынша, директорлар кеңесі бұл лауазымға тағайындайтын адам тапанша Дүниежүзілік экономикалық форумның президентінің міндетін атқарушы және бас директоры қызметін бизнесмен Алоис Цвинги атқарады.
Эпштейн ісіндегі отставкалар толқыны
Бёрге Бренде Эпштейнмен байланысы үшін отставкаға кеткен танымал бизнесмендер мен экономистердің тізімін толықтырды.
Осыған дейін Ұлыбританияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Эпштейнмен байланысы үшін Лейбористік партиядан кеткенін жазған едік.
Ал бұрынғы еурокомиссар Питер Мандельсон Эпштейнмен байланысы үшін қамауға алынды.
Айта кетейік, былтыр қараша айына дейін ханзада титулын иеленген Эндрю Маунтбаттен-Виндзор Ұлыбританияда қамауға алынды.
Тергеу оның балаларға жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған америкалық миллиардер Джеффри Эпштейнге құпия ақпаратты беру мүмкіндігін тексеріп жатыр. Бұл Эндрю Ұлыбританияның сауда өкілі қызметін атқарған кезеңде болуы мүмкін деп шамаланып отыр.
Миллиардер және филантроп Билл Гейтс сексуалдық қылмыстары және сотталған Джеффри Эпштейнмен байланысы үшін Гейтс қорының қызметкерлерінен кешірім сұрап, заңға қайшы еш әрекет жасамағанын атап өтті.
Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың атына сауал жолдаған ЖСДП фракция жетекшісі, депутат Асхат Рахымжанов еліміздің бұрынғы жоғары лауазымды экс-шенеуніктерінің Джеффри Эпштейнмен байланыстарын тексеру қажет екенін айтты.
Эпштейн 2019 жылғы 6 шілдеде Нью-Йорк штатында ұсталды. Прокуратура оның 2002–2005 жылдары Манхэттендегі үйіне ондаған кәмелетке толмаған қыздарды (ең кішісі 14 жаста) шақырғанына дәлел бар екенін мәлімдеді. Эпштейннің достары мен таныстары арасында АҚШ пен өзге елдердің қазіргі және бұрынғы шенеуніктері, бұрынғы мемлекет басшылары, ірі кәсіпкерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары болған.
Эпштейнге қатысты қылмыстық іс 2019 жылғы 10 тамызда түрме камерасында өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін тоқтатылды.