Ұйым коронавирус үшін халықаралық сапарлар мен сауда-саттықты шектеуді әзірше қажет деп таппады.
ERNUR.KZ. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бейсенбі күнгі шұғыл жиын қорытындысы бойынша nCoV2019 коронавирусының таралуын қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Коронавирустың әлемнің түкпір-түкпіріне тарай бастауы себепті, қоғамдық денсаулық сақтау саласында халықаралық төтенше жағдай жариялаймын», – деп мәлімдеді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Ол Қытайдың ауру таралып кетпеуіне қатысты қабылдап жатқан шараларын өте жоғары бағалайтынын айта келе, оны «осындай төтенше жағдайлар кезінде әрекет етудің жаңа стандарты» деп атады.
Гебрейесус Қытай билігінің қолында жаңа коронавирустың таралуын ауыздықтай алатындай барлық қажетті мүмкіндіктер бар екенін, бірақ вирус денсаулық сақтау жүйесі нашар дамыған елдерге жеткен жағдайда оның салдарының қандай болатынын болжай алмайтынын айтты.
«Коронавирус денсаулық сақтау саласы дами қоймаған елдерге таралып кетсе, оның қандай шығынға әкеп соғатынын білмейміз. Сондықтан ондай елдердің ықтимал жағдайға дайын болуына көмектесу үшін біз қазірден бастап әрекет етуге тиіспіз», – деп түсіндірді ол.
Гебрейесус сонымен қатар, халықаралық сапарлар мен сауда-саттыққа шектеу енгізуге айтарлықтай негіз жоқ екенін атап өтті.
«ДДСҰ жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалына қатысты Қытайға ондай шаралардың қолданылуын қолдамайды», – деді ол баспасөз мәслихатында.
ДДСҰ басшысы ұйымның «індетті тезірек бақылауға алу үшін денсаулық сақтау саласында ұлттық және халықаралық серіктестерімен тығыз жұмыс істеп жатқанын» да айтып өтті.