Еуропада наразылық күшейді: тағы бір елде жаппай ереуіл өтті

0
137

Бұл – кейінгі 14 жылда алғаш рет өткен жалпыұлттық ереуіл.


Еуропада наразылық күшейді: тағы бір елде жаппай ереуіл өтті

фото: Spainenglish

ERNUR.KZ. Бұл – Испанияда кейінгі жылдардағы ең ірі ереуіл. Мадрид пен Барселонада өткен жаппай шерулер полициямен қақтығысқа ұласты, деп жазады ulysmedia.kz.

Испания көшелеріндегі тәртіпсіздік

Бұл – кейінгі 14 жылда алғаш рет өткен жалпыұлттық ереуіл. Кәсіподақтардың бағалауынша, оған шамамен төрт миллион жұмысшы қатысқан. Бұл Испаниядағы жұмыспен қамтылғандардың әрбір бесіншісіне жуық. Нөсер жаңбырға қарамастан, адамдар көшеге шықты. Наразылық акциялары елдің бірнеше қаласында өтті.

Шерудің басым бөлігі бейбіт сипатта болды. Алайда кешке қарай жағдай ушықты. Барселонада тәртіпсіздікке қатысушылар дүкендердің әйнектерін сындырып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қақтығысты. Мадридте полиция топты тарату үшін арнайы құралдар қолданды.

Испаниялық БАҚ жариялаған кейінгі мәлімет бойынша, елде кемінде 75 адам ұсталған. Кәсіподақтар зардап шеккендер бар екенін хабарлап, полицияны күшті шамадан тыс қолданды деп айыптады.

Жалақы пәтерақы төлеуге жетпейді

Испаниялықтардың наразылығына түрткі болған негізгі себеп – баспананың күрт қымбаттауы. Испания Жастар кеңесінің мәліметінше, пәтерді жалға алудың орташа құны айына 1 176 еуроға жеткен. Бұл жас адамның орташа айлық жалақысының 99 пайызына жуық.

Испания банкінің бағалауынша, елде 750 мың тұрғын үй жетіспейді. 2028 жылға қарай бұл тапшылық бір миллионнан асуы мүмкін.

Қазіргі наразылық толқыны қыркүйекте Мадридте 87 жастағы әйелдің пәтерден шығарылуынан кейін басталған. Көп ұзамай ол қайтыс болып, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Тұрғын үй дағдарысы мен саяси пікірталастар күшейген тұста премьер-министр Педро Санчес мерзімінен бұрын парламент сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Енді баспана бағасы сайлау науқанының негізгі тақырыптарының біріне айналды.