Пәтерде болған кезде сотталушылардың бірі жәбірленушінің есін жимауы үшін оған химиялық зат иіскеткен.
Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 12 қарашада Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бес кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты қылмыстық істің қаралғаны хабарланды. Олар дәрменсіз күйдегі кәмелетке толмаған қызды алдын ала сөз байласу арқылы топ болып зорлағаны үшін сотталды.
"2025 жылғы 14 ақпан күні кешке жәбірленуші кәмелетке толмаған құрбысымен бірге күзетшілерді өздерінің жасы туралы жаңылыстырып, "Инфинити" түнгі караоке-клубына кірген. Онда қыздар үш сағаттан астам уақыт бойы алкогольдік ішімдік ішкен. Қатты мас күйде болғандықтан әрі мұндай жағдайда үйге қайтуға қорыққан олар куәгердің ұсынысымен оның таныстары – кәмелетке толмаған К., О., А., Ж. және С.-ның пәтеріне барған", – деп мәлімдеді сотта.
Пәтерде болған кезде сотталушылардың бірі жәбірленушінің есін жимауы үшін оған химиялық зат иіскеткен. Осыдан кейін бес жасөспірім қызды зорлаған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағында 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Алайда сот жаза тағайындау кезінде Қылмыстық кодекстің 81-бабының 1 және 7-бөліктері, сондай-ақ 55-бабының 2 және 8-бөліктеріндегі талаптарды ескерген. Оған сәйкес, кәмелетке толмағандарға 7 жыл 6 айдан артық бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.
Сот үкімімен бес жасөспірімнің барлығы кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. "Рақымшылық жасау туралы" заң негізінде жаза мерзімі қысқартылып, әрқайсысы 5 жыл 7 ай 15 күнге сотталды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сотталғандардан моральдық зиянды өтеу үшін ортақ тәртіппен 10 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Павлодар облысында да мектеп оқушыларының зорлық-зомбылық құрбаны болған екі дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.


